Абай ауданының Көкбай ауылдық округінде орналасқан шаруа қожалықтарында электр желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бұл шешім соңғы жылдары жиі туындап келген жарықтың тұрақсыздығы мен электр желілеріндегі ақауларды жою мақсатында қабылданды.
Ауылдық округке қарасты 31 шаруа қожалығының электр желілерінде жиі ақау тіркеліп, жарық жиі өшіп отырған. Осы мәселені шешу үшін маусым айында «Абай облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына» бюджеттік өтінім жолданып, мәселе облыстық деңгейде қолдау тапты. Нәтижесінде облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында жөндеу жұмыстарына қажетті қаржы бөлінді.
Сонымен қатар, тағы 12 шаруа қожалықтың электр желілерін қалпына келтіру мәселесі қарастырылып, жөндеу жұмыстары күз мезгіліне дейін толық аяқталады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда тиісті сметалық құжаттама әзірленіп, жобалық-сметалық құжаттар бекітілді.
Бұл жұмыстардың басталуы – ауыл шаруашылығымен айналысатын тұрғындар үшін зор қуаныш. Себебі тұрақты электр энергиясы мал шаруашылығы мен егіншілік ісінде өндірістік процестердің үздіксіз жүруіне мүмкіндік береді.
Жөндеу жұмыстары алдағы күндері басталып, ауылдық округ аумағындағы электр желілері толық жаңартылмақ. Нәтижесінде Көкбай ауылдық округінің тұрғындары мен шаруа қожалықтары үшін қолайлы әрі тұрақты электрмен қамту жүйесі қалыптасады.