Қарауыл және Медеу ауылдық округтерінде электр желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде
Абай ауданында тұрғындарды сапалы әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында жүйелі шаралар қолға алынуда. Қарауыл ауылының Тоқтамыс көшесі мен Медеу ауылдық округінде электр желілерін жаңғырту жұмыстары басталды.
Бұған дейін екі елді мекен бір трансформаторды ортақ пайдаланғандықтан, электр желісінде жиі ақаулар орын алып, жарықтың үзілуі тұрғындар тарапынан жиі көтерілген мәселе болатын. Тұрғындардың өтініштері негізінде тиісті жұмыстар басталып, қазіргі таңда энергия жүйесін жаңғырту ісі қарқынды жүріп жатыр.
Атқарылып жатқан негізгі жұмыстардың қатарында:
-
Қарауыл ауылдық округінде қуаттылығы 630 кВА болатын жаңа КТПН (комплекті трансформаторлық подстанция) орнатылуда;
-
Медеу ауылдық округінде электр қуатының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін реклоузер (автоматты қайта қосқыш құрылғы) орнату жұмыстары жүргізілуде.
Мамандардың айтуынша, реклоузер орнату – электр желісіндегі ақауларды жедел анықтауға және көп жағдайда электр қуатының өшуін болдырмауға мүмкіндік береді. Бұл заманауи шешім энергия жүйесінің сенімділігін айтарлықтай арттырады.
Жоспар бойынша барлық жұмыстар 15 шілдеге дейін толық аяқталып, жаңа жабдықтар іске қосылмақ. Нәтижесінде Қарауыл және Медеу ауылдық округтерінің тұрғындары үздіксіз әрі сапалы электр энергиясымен қамтылатын болады.
Бұл бастама – аудан халқының тұрмыс сапасын арттыруға, инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.