Абай ауданының көкпар командасы облыстық жарыста жүлделі ІІ орын алды
12 шілде күні Көкпекті ауданында өткен “Көркейген өлке – Көкпекті” атты фестиваль аясында ұйымдастырылған көкпар сайыстарында Абай ауданының құрама командасы жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі ІІ орынды иеленді.
Бұл жетістік – аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің үйлестіруімен және аудан әкімінің қолдауымен жүзеге асқан жүйелі еңбектің жемісі. Жарыс барысында көкпаршыларымыз үздік ойын өрнегін көрсетіп, намысты қолдан бермеді.
Жүлделі орынға қол жеткізген Абай ауданы командасы ұйымдастырушылар тарапынан 900 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйлықпен марапатталды. Сонымен қатар, командаға әрдайым қолдау көрсетіп келе жатқан “БЭСК” АҚ мекемесінің басшысы Бірғамитов Мұратқа ерекше алғыс білдірілді.
Бұл жеңіс – тек спорттық табыс емес, аудан жастарының ұлттық ат спортына деген қызығушылығын арттырып, көкпар ойынының дамуына серпін беретін қуанышты жаңалық болды.
Соңғы жылдары Абай ауданында ұлттық спорт түрлерін дамыту бағытында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Көкпар, аударыспақ, теңге ілу және жамбы ату сияқты ат спорты түрлеріне арналған жаттығу алаңдары мен жарыстар көбейіп, жас шабандоздар өсіп келеді.
Жүлделі ІІ орын – аудан спортшыларының табандылығы мен бірлігінің, ұлттық рухтың биік көрінісі. Команда мүшелерін лайықты жеңістерімен құттықтай отырып, алдағы уақытта да сәттіліктер мен жаңа белестерді бағындыруларына тілектестік білдіреміз.