Cемей3°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
525.28 607.85 6.47

Абай ауданында ет өңдеу саласын дамытуға бағытталған жаңа өндірістік жоба таныстырылды

8-07-2025, 14:22 Думан Кенжеғазыұлы

Бүгін Абай ауданы әкімінің орынбасары Қазбек Жанғалиевтың төрағалығымен аудан әкімдігінде ауыл шаруашылығы саласына арналған маңызды жұмыс жиыны өтті. Кездесуге «Eurasia Agro Semey» ЖШС компаниясының бас директоры Қанат Сағидолдаұлы Қалиев және атқарушы директоры Серғазы Ханқожаұлы Ісембаев арнайы қатысты.

Компания өкілдері қазіргі уақытта Жаңасемей ауданындағы Шақаман ауылында ет және ет өнімдерін терең өңдейтін заманауи өндірістік кешеннің құрылысы қарқынды жүріп жатқанын хабарлады. Жоба өңірдің ауыл шаруашылығы әлеуетін арттыруға және жергілікті өнімдерді қайта өңдеу деңгейін көтеруге бағытталған.

Кәсіпорын басшылары өз баяндамаларында кешеннің өндірістік қуаты мен жоспарланған бағыттарын егжей-тегжейлі таныстырды. Аталған өндіріс ошағы бір ауысымда 35 тоннаға дейін ет өнімін өңдеуге мүмкіндік береді. Мұнда ірі қара, қой және жылқы етін өңдеу арқылы жоғары сапалы шұжық өнімдері, консервілер, жартылай фабрикаттар және жоғары санатты ет деликатестері шығарылмақ.

Сонымен қатар, кәсіпорын тері-былғары саласына қажетті шикізатты ұсыну арқылы өңірде толық өндірістік тізбек – экологиялық таза агроөнеркәсіптік экожүйе қалыптастыруды көздейді. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы өнімдерін тиімді өңдеп, қосылған құны жоғары дайын тауарлар өндіруге мүмкіндік береді.

Компания өкілдері өндірістік процесте қалдықсыз технологиялар қолданылатынын ерекше атап өтті. Барлық өндірістік тізбек экологиялық және санитарлық талаптарға толық сәйкес болады. Бұл бағытта ауданның шаруа қожалықтары үшін түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жаңа кәсіпорынмен өзара тиімді серіктестік орнату жолдары талқыланды.

Жиын барысында ауданның шаруа қожалық жетекшілеріне мал шаруашылығы өнімдерін шикізат түрінде кәсіпорынға жеткізу, ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау және логистикалық тетіктерді жолға қою жөнінде ұсыныстар айтылды. Өз кезегінде жергілікті шаруалар жобаның өңір экономикасы үшін маңызын атап өтіп, ынтымақтаса жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдірді.

Аудан әкімінің орынбасары Қазбек Жанғалиев бұл жобаның жүзеге асуы Абай ауданының агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға зор серпін беретінін атап өтті. Ол аудандық деңгейде кәсіпорынмен тығыз байланыс орнатып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісін жүйелі жолға қою – маңызды міндет екенін айтты.

Жаңа өндірістік кешен іске қосылған жағдайда, өңірде жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті өнімдерді қайта өңдеу деңгейі артып, экспорттық әлеует күшейеді. Бұл жоба Абай ауданын агроөнеркәсіптік дамудың жаңа сатысына көтеретін стратегиялық бастамалардың бірі болмақ.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив