Сенат Қазақстан мен Марокко арасындағы бірқатар келісімді ратификациялады
Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заңдарды қарап, депутаттық сауалдарын жолдады.
Палата отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы ұстап беру туралы келісімді ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау туралы» заңдарды қарады. Талқылау кезінде аталып өткендей, келісімдерді ратификациялау Қазақстан немесе Марокко аумағында сот төрелігінен жасырынған адамдарды жауапкершілікке тартуды қамтамасыз етуге, екі ел азаматтарының құқықтарын қорғау кепілдіктерін нығайтуға, қылмыстық сот ісін жүргізу саласындағы шарттық-құқықтық базаны толықтыруға, сондай-ақ, қылмысқа қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Мақұлданған заңдар Қазақстан мен Марокко Корольдігінің құқық қорғау саласындағы ынтымықтастығын одан әрі дамытуды көздейді. Бұл келісімдер қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Келісімнің ережелері ұстап берудің және сотталған адамдарды берудің шарттары мен рәсімдерін реттейді. Сондай-ақ азаматтарға құқықтық көмек көрсету мәселелерін айқындайды. Алдағы уақытта осы заңдар екі елдің қылмысқа қарсы күрес жолындағы бірлескен қызметінің тиімділігін арттырады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Құжаттардың негізгі мақсаттарының бірі Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігінің құзыретті органдары арасындағы қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе сот үкімін орындау үшін Тараптардың аумақтарында анықталған адамдарды экстрадициялау мәселелері бойынша қатынастарды реттеуге бағытталған.
«Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңның нормаларына сәйкес, сотталған адамда Үкім шығарушы мемлекеттің азаматтығы болса, сондай-ақ Тараптардың бірінің заңнамасына сәйкес үкімнің күші жойылса, онда сотталған адамды беруден бас тартылады. Бұдан басқа, Келісімде рақымшылық немесе кешірім жасау актісін қолдануға қатысты нормалар регламенттелген және үшінші тарап берген сотталған адамның өз аумағы арқылы транзит мәселелері қарастырылған. Осы орайда «Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы ұстап беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңда уағдаласушы мемлекеттердің өз азаматтарын ұстап беруі көзделмегенін атап өткен жөн.
Ал, «Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау туралы» заңда құзыретті органдар арасында дәлелдемелер мен мәліметтерді уақтылы алмасуын қамтамасыз ететін нормалар жазылған. Бұл құжат қылмыстық істерді тергеудің жеделдігін арттыруды көздейді.
Сонымен қатар Палата отырысында сенаторлар өзекті мәселелерді көтеріп, депутаттық сауалдарын жолдады.
Ернұр Әйткенов аграрлық саладағы кадр даярлауға және жас мамандарды әлеуметтік қолдауға қатысты проблемаларға назар аударып, бұл бағытта «Дипломмен ауылға» бағдарламасын жетілдіру қажет екенін атап өтті.
Ольга Булавкина ауаның ластану проблемаларына және экологиялық сипаттағы нормативтік-құқықтық базаның негізгі олқылықтарына тоқталды. Нақты айтқанда, депутат азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өнеркәсіп орындарының қызметіндегі бұзушылықтарды жедел анықтап, тіркейтін мүмкіндік жоқ екенін тілге тиек етті.
Руслан Рүстемов қазақ тілін оқыту әдістемесінде жүйелі қадамның жоқтығына наразылық білдірді. Сенатор мектеп оқулықтарының сапасын арттыру үшін оқушылардың жасы мен лингвистикалық принциптер ескерілу керектігін айтты. Ал, ЖОО-дағы бағдарлама барынша оқытылатын мамандыққа байланысты кәсіби тұрғыдан бағдарлануға тиіс.
Ләззат Рысбекова экспортқа және импортты алмастыруға бағдарлануының төмендігі, сондай-ақ, қолдау көрсетілген жобалардың салалық және өңірлік құрылымындағы диспропорциясы үшін Қазақстан Даму Банкінің акционері – «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның қызметін сынға алды. Сенатордың айтуынша, жобаларды ел экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар басым секторларды назарға ала отырып, іріктеу қажет.
Амангелді Нұғманов бұрын мемлекеттік бюджет кірісінің үштен бірін қамтамасыз еткен Кеден қызметін жеке құрылым ретінде қалпына келтіру мәселесін көтеріп, оның тиімді тұстарын атап өтті.