Жаңасемей ауданының әкімі ауылдық округтер мен кент әкімдерін қабылдады
 
        
        
        
    Жаңасемей ауданы әкімдігінің ғимаратында аудан әкімі Нұржан Оразбекұлы ауылдық округтер мен кент әкімдерін қабылдап, кездесу өткізді. Жиынға ауданның негізгі бөлім басшылары да қатысып, жергілікті деңгейдегі өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.
Кездесу барысында ауылдық жерлерде қордаланып қалған бірқатар мәселелер көтерілді. Әсіресе инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік нысандардың жағдайын жақсарту, абаттандыру мен жол жөндеу, инженерлік желілерді жаңарту, сондай-ақ ауыз су және коммуналдық қызмет сапасын арттыру бағыттарындағы жұмыстарға баса назар аударылды.
Әр ауылдық округ пен кент әкімінің баяндамасы тыңдалып, көтерілген мәселелер бойынша нақты шешу жолдары қарастырылды. Аудан әкімі жауапты бөлім басшылары мен әкімдерге тапсырмалар жүктеп, олардың орындалуын қатаң бақылауда ұстайтынын атап өтті.
Нұржан Оразбекұлы өз сөзінде:
“Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту – біздің басты мақсатымыз. Әрбір ауыл мен елді мекеннің дамуы — ауданның өсіп-өркендеуінің көрсеткіші,” — деп атап өтті.
Кездесу нәтижесінде ауылдық округтер мен кент әкімдеріне нақты мерзімдері көрсетілген міндеттер қойылып, тұрғындар өміріне тікелей әсер ететін жобаларды уақтылы жүзеге асырудың маңыздылығы айтылды.
