Семейде дзюдодан Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды
Ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионаты «Арена» спорт кешенінде 10-13 қараша аралығында өтеді. Жарыста еліміздің барлық өңірлерінен жиналған 569 спортшы14 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынайды.
Чемпионаттың ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли, Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Тимур Болат, 2024 жылғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы Елдос Сметов қатысты.
Сайыстың ашылуында сөз сөйлеген аймақ басшысы спортшыларға сәттілік тілеп, чемпионаттың Семей қаласында өтуі өңір спортының дамуына серпін беретінін атап өтті.
Олимпиада чемпионы Елдос Сметов спортшыларға жылы лебізін білдірді.
Облыста дзюдо спорты жақсы дамып келеді. Биыл Джакартада өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жерлестеріміз Фархат Зейнолла алтын, Аяжан Ринатқызы қола жүлдеге ие болды. Ақтөбеде өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында облыс құрамасы екі алтын, үш күміс, екі қола алып, жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болды.
Облыстағы 26 спорт мекемесінде барлығы 14 мыңнан аса спортшы жаттығады. Әртүрлі спорт түрлері бойынша 2025 жылы Абай облысының 451 спортшысы Қазақстан Республикасының құрама командасына енді. Жыл басынан бері спортшыларымыз республикалық жарыстарда 1662 медаль, халықаралық жарыстарда 286 медаль иеленді. Қазіргі таңда облыста 20 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде.










