Семейде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында экологиялық дәріс өтті
Семей қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде экологиялық бағыттағы мазмұнды дәріс өтіп, студенттерге табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға арналған кең көлемді ақпарат ұсынылды. Шараға «Семей орманы» табиғи резерватінің мамандары қатысып, орман алқаптарын сақтау, табиғатты қалпына келтіру және экологиялық қауіптердің алдын алу жөнінде жан-жақты түсіндірме берді.
Дәріске 150-ден астам студент қатысып, табиғатты қорғау саласының мамандарымен еркін форматта пікір алмасуға мүмкіндік алды.
Дәріс барысында қоршаған ортаны қорғаудың заманауи тәсілдері, орман экожүйесін қалпына келтірудің ерекшеліктері, сондай-ақ табиғатқа жауапкершілікпен қараудың маңызы талқыланды. Мамандар студенттердің сұрақтарына жауап беріп, орман шаруашылығындағы кәсіби қызметтің қыр-сырын ашып көрсетті.
«Семей орманы» табиғи резерватінің орман өсіру инженері Айдана Сабыржан өңірдегі экологиялық бастамалар туралы өз пікірін білдіріп, жастардың экологиялық мәдениетін нығайту «Таза Қазақстан» бағдарламасының басты бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Студенттер үшін мамандардан тікелей ақпарат алу үлкен тәжірибе болды. Олар орман шаруашылығында қызмет етудің ерекшеліктері, экологиялық қауіптердің алдын алу шаралары және табиғатты қалпына келтіру жұмыстары жайлы сұрақтар қойып, нақты жауап алды.
«Орман шебері» мамандығында білім алып жатқан студент Ақерке Талғат дәрістің студенттер үшін аса маңызды болғанын айтты.
Колледж бен «Семей орманы» резерваті арасындағы серіктестік аясында алдағы уақытта да экологиялық бағыттағы лекциялар, практикалық кездесулер және студенттердің табиғат қорғау іс-шараларына қатысу мүмкіндіктері қарастырылмақ.
Шара ұйымдастырушыларының айтуынша, мұндай кездесулер жастардың табиғатқа деген саналы көзқарасын қалыптастыруға және «Таза Қазақстан» бағдарламасының өңірде тиімді жүзеге асуына өз үлесін қосады.
#ТазаҚазақстан #устойчивоеразвитие #чистаястрана #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan







