Cемей3°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
518.19 597.32 6.43

«Бәйтерек» Холдингі жаңа макроэкономикалық тұрақтандыру бағдарламасын іске асыруда негізгі рөлге ие болмақ

Бүгін, 10:54 Думан Кенжеғазыұлы

19 қарашада өткен Үкімет отырысында Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2026-2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимылдар бағдарламасы таныстырылды. Құжат макроэкономикалық тұрақтандыруды қамтамасыз етуге, инфляцияны төмендетуге, ішкі өндірісті ұлғайтуға және азаматтардың әл-ауқатының орнықты өсуіне бағытталған кешенді шараларды айқындайды.

Бағдарламада «Бәйтерек» Холдингіне Үкіметтің экономикалық саясатын іске асырудағы негізгі құралдардың бірі ретінде ерекше рөл берілді. Инвестициялар көлемін едәуір арттыру қажеттілігін ескере отырып, Холдинг екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, инвестициялық жобаларды, жаңа экономикалық өсу нүктелерін және экономиканың басым салаларын қолдауға бағытталған кредиттерді ұсыну арқылы нақты секторды қаржыландырудың негізгі көзіне айналады.

2026 жылы Үкімет «Бәйтерек» Холдингін 1 трлн теңгеге капиталдандыруды жалғастырады. Бұл Холдингтің инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейтуге және өңдеу өнеркәсібі мен инфрақұрылым салаларындағы басым жобаларды қолдауға мүмкіндік береді. Өз кезегінде Холдинг жыл сайын қаржы нарығынан сыртқы және ішкі көздер есебінен шамамен 7 трлн теңгеге дейін қаражат тартатын болады.

Биыл Холдинг мемлекеттік қолдау көлемін 8 трлн теңгеге жеткізеді. Бүгінгі таңда «Бәйтерек» Холдингі кәсіпкерлік субъектілеріне 5,7 трлн теңге көлемінде қолдау көрсетті. Оның 1,7 трлн теңгесі шамамен 9,6 мың ШОБ жобасын қаржыландыруға, ал 860,3 млрд теңгесі 14 мың ауыл шаруашылығы тауар өндірушісін қолдауға бағытталды. Нәтижесінде 29 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл шаралар экономиканың 1,3 пайыздық тармаққа өсуіне мүмкіндік береді.

Холдинг кредиттеу көлемін ұлғайтады, бұл бизнеске айналым қаражатына да, инвестициялық (ұзақ мерзімді) капиталға да қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

Алдағы жылдары Холдинг проактивті инвестициялық қызметке басымдық береді — жоғары өнімді жаңа кәсіпорындар құратын, экспортты ұлғайтатын және импортқа тәуелділікті төмендететін жобаларды қолдауға назар аударады. Нәтижесінде тау-кен металлургия кешені, машина жасау, мұнай-газ химиясы және химия өнеркәсібі, энергетика, туризм және тамақ өнеркәсібі сияқты салаларда мультипликативтік әсері ең жоғары 15–20 ірі инвестициялық жобалардың топтамасы қалыптасады. Бұл жобалар салалар мен өңірлердің сапалы дамуына елеулі үлес қосады.

Агроөнеркәсіп кешенінде терең өңдеу жобаларын қаржыландыру белсендіріледі. Бұл АӨК-дегі қайта өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Елімізде жыл сайын АӨК өңдеу саласында 100-ден астам жаңа инвестициялық жоба мен өндіріс іске қосылатын болады.

Инвестициялық қызметті күшейту мақсатында Холдингте бірыңғай инвестициялық терезе құрылады — бұл жобаларды бір жерде іріктеуге, құрылымдауға, инвесторларды тартуға, сондай-ақ толық сүйемелдеу мен орындау барысын бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін тетік.

Сонымен қатар, Холдинг шағын және орта бизнесті қолдауды жалғастырады және кеңейтеді. Бұл үшін кредиттер бойынша кепілдіктер тетігі белсенді пайдаланылады, ал қаржыландыру ең қажетті бағыттарға бағытталады.

Импортты алмастыру, отандық өндірушілерді қолдау, энергетика және көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобаларға ерекше назар аударылады. Мұндай жобалар өңірлердің қажеттіліктері мен ерекшеліктерін ескере отырып, «инвестицияларға тапсырыс» тетігі арқылы іске асырылатын болады.

«Бәйтерек» Холдингі экспорттық әлеуеті бар компанияларға бірігіп әрекет етуге, жаңа трейдерлер табуға және өз өнімдерін шетелдік нарықтарға шығаруына қолдау көрсетуді күшейтеді. АӨК өнімдерін сыртқы нарықтарға ілгерілету үшін «ADAL» қоры құрылады.

Сондай-ақ Қазақстанның шекара маңындағы нарықтардағы қатысуы кеңейтіледі. Бұл Холдинг компанияларының қызметтерін — мысалы, Отбасы банкінің ипотекалық өнімдерін — ілгерілету шараларын қамтиды.

Қазақстандық өндірушілердің шетелдік нарықтарда бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін экспорттық жобаларды шетел валютасында қаржыландыру мүмкіндігі көзделген. Бұл бизнеске сыртқы нарықтарда неғұрлым тиімді шарттармен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Жаңа жұмыс моделі «Бәйтерек» Холдингінің экономиканың жедел және сапалы дамуына ықпалын айтарлықтай арттырады. Жаңартылған инвестициялық саясат Холдингті елдің экономикалық өсімінің негізгі драйверлерінің біріне айналдыра түседі.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив