Облыс әкімі: Өңірде тазалық жұмыстары қысы, жазы, тоқтаусыз жүргізілуі қажет
Аймақ басшысы Берік Уәлидің төрағалығымен «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының өңірде іске асырылуы бойынша мәжіліс өтті. Жиынға басқарма басшылары, өңірлік департамент, республикалық ұйымдардың филиал жетекшілері қатысты. Аудан, қала әкімдері бейнережимде қосылды.
Бағдарлама аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Теміржанов, облыстық Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Әсет Өтепов, «AMANAT» партиясының облыстық филиалының төрағасы Қанат Әділбай баяндады.
«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында өңірде жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Облыста 44 іс-шарадан тұратын өңірлік жоспар бекітілген. Биылғы санитарлық-экологиялық екі айлыққа 349 мыңнан астам тұрғын, 15 906 ұйым және 6371 бірлік техника тартылды. 182 мың аула, 3055 парк пен сквер, 1315 ескерткіш тазартылып, 52 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылды. Семей қаласында экологиялық бақылаудың тиімділігін арттыру мақсатында 1937 құқық бұзушылықты тіркеу камерасы жұмыс істейді.
Көгалдандыру және абаттандыру бағытында да тиісті жұмыс жүргізілуде. Биыл Семей қаласында алғаш рет 75 мың ағашты толық түгендеуді қамтитын дендрологиялық жоспар әзірленді. Осы жылы қалалар мен аудандарда 70 511 түп ағаш отырғызылды.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында облыс аумағында полиция қызметкерлері күн сайын аумақтарды абаттандыру ережелерінің сақталуын бақылауға бағытталған рейдтік іс-шаралар өткізуде. Жыл басынан бері құқық бұзушылықтың 9091 дерегі анықталып, жалпы сомасы 74,6 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, аудандық жергілікті атқарушы органдарға рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жою туралы 171 хабарлама жолданды.
«Ғарыш Сапары» ғарыштық мониторингі нәтижесінде облыс аумағында 191 рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері анықталды. Оларды жою жұмыстары жүргізілуде.
Мәжілісте қоқыс орындарына камералар мен тақтайшалар орнату, аялдамаларға қоқыс жәшіктерін қою, заңсыз қоқыс үйінділерін жою, ағаш егу шараларын тиісті деңгейде жүргізбеген аудандарға бұл бағыттағы жұмысты ширату бойынша нақты тапсырмалар берілді. Жиында барлық қала-аудан әкімдері аймақ басшысына «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын жүзеге асыру барысында анықталған кемшіліктерді жою бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.
Облыс әкімі мәжілісте «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылған шаралардың әлі де толық нәтиже бермей жатқанын атап өтті. Соған орай бұл бағыттағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыруды, тұрғындар арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, көпқабатты үйлерге қызмет көрсетуші компаниялар мен мердігерлердің жұмысын қатаң бақылауды, құрылыс нысандарын қоршау бойынша кемшіліктерді анықтап, шара қолдануды тапсырды.








