Сенат Төрағасы Италияның Сарапшылар қауымдастығы өкілдеріне Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар туралы айтып берді
Парламент Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Ватиканға жұмыс сапары аясында Егеменді Мальта Орденінің Ұлы Магистрі Фра Джон Тимоти Данлаппен, сондай-ақ, Ұлы Канцлері Риккардо ди Монтекупомен кездесті. Онда тараптар ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылап, көпжақты байланыстарды кеңейту перспективаларын белгіледі және бірлескен жобаларды іске асыруға қатысты пікір алмасты.
Мәулен Әшімбаев Фра Джон Тимоти Данлапқа ілтипат білдіріп, Қазақстан Егеменді Мальта Орденімен тығыз қарым-қатынасты дамытуға мүдделі екенін атап өтті. Палата Төрағасы көптеген жаһандық мәселеде екі мемлекеттің позициясы мен тәсілі ұқсас екенін тілге тиек етіп, дінаралық диалог, гуманитарлық көмек, медициналық және әлеуметтік қамтамасыз ету сияқты салалардағы ынтымақтастықты дамыту бағытындағы зор әлеуетке назар аударды.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев конфессияаралық және мәдениетаралық өзара іс-қимылды кеңейтуге үнемі баса мән береді. Биыл қыркүйек айында Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII Съезі өтті. Оған алғаш рет Егеменді Мальта Орденінің өкілдері қатысты. Осы ретте «Турин кебіні» көрмесін ұйымдастырғаны үшін Орденге алғысымызды білдіреміз. Бұл бастама Съезд бағдарламасымен үндесіп, қатысушылардың айтарлықтай қызығушылығын тудырды. Көптеген жаһандық мәселелерге қатысты біздің ұстанымдарымыз ұқсас. Гуманитарлық, мәдени және әлеуметтік салаларда байланысты арттыру үшін әлеуетіміз де зор. Алдағы уақытта осы және басқа да бағыттарда ынтымақтастықты нығайтып, ортақ жобаларды бірлесіп іске асырамыз деп үміттенемін», – деді Мәулен Әшімбаев.
Егеменді Мальта Орденінің Ұлы Канцлері Риккардо ди Монтекупомен кездесуде бейбітшілік пен диалогтың жаһандық мәдениетін ілгерілету жөніндегі бастамаларға баса мән берілді. Сенат Төрағасы өз сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қақтығыстар мен дағдарыстардан халқы зардап шегіп жатқан елдерді қолдауға бағытталған бастамаларына тоқталды. Атап айтқанда, гуманитарлық көмек көрсету шаралары және сауда, азық-түлік қауіпсіздігі, инфрақұрылым, көлік қатынасы салаларындағы ынтымақтастық форматтары жан-жақты талқыланды.
Кездесудің нәтижесінде Қазақстандағы Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы мен Мальта Ордені арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжаттың басты мақсаты – бірлескен жобаларды жүргізуде және діндер, мәдениеттер мен өркениеттердің өзара іс-қимылы саласында үйлестірілген зерттеулер, аналитикалық, консультациялық, білім беру, әдістемелік қызметтерді жүзеге асыруда тең құқылы әрі өзара тиімді ынтымақтастық орнату, сондай-ақ, дамыту екенін атап өткен жөн.
Сонымен қатар сапар аясында Қазақстан Парламентінің делегациясы Италияның сарапшылар қоғамдастығының өкілдерімен кездесіп, халықаралық күн тәртібіне қатысты пікір алмасты. Сарапшылар өзара іс-қимылды нығайту және адамзатты алаңдатқан өзекті проблемаларды еңсеру тәсілдерін жетілдіруге арналған жаңа шаралар жөнінде өз ойларымен бөлісті. Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда саяси жүйені реформалау мақсатымен жүргізіліп жатқан өзгерістерге назар аударды. Бұл ретте парламенттік реформаның маңызы, теңгерімді әрі ашық өңірлік саясат жүргізу мәселесі және Парламент қызметінің басқа да бағыттары сөз болды.
«Қазіргі таңда Қазақстан Президентінің бастамасымен елімізде ауқымды өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Парламенттік реформа – саяси жаңғырудың негізгі бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бір палаталы Парламентке көшу мәселесін қоғамдық және сараптамалық талқылауға шығарды. Бұл бастама демократиялық институттар мен тетіктерді нығайтуды көздейді. Бұл ретте өкілеттіктері кеңейтілген Парламент маңызды рөл атқарады. Аталған мәселе бойынша түбегейлі шешім 2027 жылы референдум арқылы қабылданады», – деді Сенат Төрағасы.
Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев Дінаралық диалог жөніндегі дикастерия Ислам істері бюросының бұрынғы басшысы монсеньор Халед Акашемен кездесті. Сұхбат барысында Қазақстан Президенті Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінде белгілеп берген міндеттерді, оның ішінде жасанды интеллектіні пайдалану этикасы жөніндегі дінаралық комиссия құру туралы бастамасы мен Астана бейбітшілік декларациясының ережелерін іске асыру тетіктері талқыланды.
Халед Акаше өз кезегінде 20 жылдан астам уақыт бойы жаһандық дінаралық диалогты нығайтуға, маңызды әлемдік проблемаларды шешуге, уақыт сынына қарамастан толеранттылық пен өзара қолдау идеяларын ілгерілетуге ықпал етіп келе жатқаны үшін Қазақстанға ризашылығын білдірді. Ол өзара іс-қимылды әрі қарай арттыра түсуге және ынтымақтастың басым бағыттары бойынша қолдау көрсетуге дайын екенін де жеткізді.
Сапар барысында Мәулен Әшімбаев Рим Папасы Францискті еске алып, оның Санта-Мария-Маджоре базиликасындағы қабіріне гүл шоқтарын қойды. Бұдан басқа, делегация «Бамбино Джезу» педиатриялық госпиталіне қарасты Молекулалық генетика ғылыми-зерттеу орталығының қызметімен танысты. Сондай-ақ таяуда Рим қаласында ашылған қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоғын қойып, ақынның рухына тағзым етті.