Cемей-6°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
504.76 593.8 6.5

Мәжіліс Ыстықкөл маңындағы курорттық нысандар туралы Қырғызстанмен арадағы келісімдерді ратификациялады

Бүгін, 09:00 Думан Кенжеғазыұлы

Мәжілісте 2025 жылды қорытындылаған жалпы отырыс өтті. Депутаттар Қырғызстан Үкіметімен арадағы екі келісімді ратификациялап, туристік сала мен балалар спортын қолдау туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Жиын соңында Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов сөз сөйлеп, жыл бойы атқарылған жұмыс нәтижесін түйіндеді.

Мәжіліс 2006 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Үкіметі мен Қырғыз Үкіметі арасындағы Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысының аумағында орналасқан курорттық-рекреациялық шаруашылық объектілеріне Қазақстан Республикасының меншік құқықтарын реттеу туралы келісімді және 2009 жылғы 1 желтоқсандағы Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысының Ыстықкөл ауданындағы жер учаскелерін жалға беру туралы шартты, сондай-ақ осы келісімдерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаларды ратификациялады.

Бұл құжаттар бойынша Қаржы министрі Мәди Такиев баяндама жасады. Оның айтуынша, келісім Қазақстанның төрт курорттық-рекреациялық нысанына меншік құқығын бекітеді.

– Келісімшартқа сәйкес, біздің тарап бұл нысандарды мүмкіндігінше жыл бойы жұмыс істейтін 3 немесе 4 жұлдызды қонақүйлердің деңгейіне жеткізу шараларын қабылдауға тиіс еді. 2022 жылы екі ел үкіметтері Қазақстан тарапының міндеттемелерді орындау мерзімін ұзарту және инвесторлар тарту мүмкіндігі туралы келісімге қол жеткізген болатын, – деді Қаржы министрі.

 Құжат бойынша Қазақстан тарапы Қырғыз Республикасының Ыстықкөл облысындағы жоғарыда аталған нысандар орналасқан жер учаскелерін 49 жыл мерзімге уақытша пайдалануға алды.

Жұмыс тобының жетекшісі Ирина Смирнова қосымша баяндамасында хаттамаларда енгізілген өзгерістер мен толықтырулар курорттық нысандарды қайта құруға инвестор әкеліп, Қазақстан өз міндеттемелерін орындайтынын атап өтті.

– Бұл заңдарды енгізу халыққа жаңарған шипажайларда демалуға және денсаулықты қалпына келтіруге тамаша мүмкіндіктер туғызады. Ал халықаралық тұрғыдан алғанда бұл өзгерістер Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді, – деді Ирина Смирнова.

 Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары бастамашы болған туристік сала мен балалар спортын қолдау туралы заң екінші оқылымда қабылданды.  

– Түзетулердің басты мақсаты – мемлекеттік қолдауды мақсатты, түсінікті және тиімді ету. Бұл, ең алдымен, туристік инфрақұрылым шығындарының бір бөлігін өтеуге қатысты. Мұндай нысандарға қойылатын нақты талаптарды анықтау өтемақының мақсатты әрі негізді болуын қамтамасыз етеді. Басым туристік аймақтарда заманауи сапа мен қолжетімділік стандарттарына сай визит-орталықтар мен туристік орналастыру орындарын құруға және жаңғыртуға кеңірек жол ашады. Ең бастысы, бұл тиісті нәтиже бермейтін, туризм саласындағы мемлекеттік саясат мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз етпейтін нысандарды қолдауды азайтады, – деді жұмыс тобының жетекшісі Никита Шаталов.

 Депутат заңда уәкілетті органның басқа да қолдау шараларының талаптары бекітілгенін айтты. Бұл әуе билетінің құны ел ішінде кәмелетке толмаған жолаушыларды әуе көлігімен тасымалдау үшін субсидияланатын туристік өнімге, сондай-ақ әрбір шетелдік турист үшін келу туризмі саласындағы туристік операторлардың шығынын субсидиялауға қатысты.

Осы құжат негізінде жергілікті атқарушы билік органдарының да рөлі күшейеді. Әкімдіктер басым туристік аймақтардың шекараларын анықтап, мемлекеттік қолдау шараларының арқасында құрылған немесе жаңғыртылған туристік орындарды бақылай алады. Сондай-ақ олардың иеліктен шығарылмауын және мақсатына сай пайдаланылуын қамтамасыз етеді. Никита Шаталов бұл жергілікті жауапкершілік пен мемлекеттік инвестицияларды қорғауға қатысты екенін атап өтті.

 Заңды екінші оқылымға дайындау кезінде депутаттар бұқаралық және балалар спортын дамытуға бағытталған түзетулер енгізді. Негізгі жаңалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін жан басына шағып қаржыландыру стандартын енгізу болады. Бұл бір спортшыға жұмсалатын шығынды жылына 415 000 теңгеге дейін арттырады (қазіргі орташа көрсеткіш шамамен 233 000 теңге), ал жаттықтырушылардың жалақысын біліктілік бонусы арқылы көтеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ дене шынықтыру және спорт саласы үшін e-Sport цифрлық платформасының жұмысын заңды түрде белгілеу ұсынылады. Бұл қадам спорт саласындағы әкімшілік деректерді басқаруды, жинауды, өңдеуді және талдауды автоматтандырады, оған қоса басқа IT жүйелерімен ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді.

 Жалпы отырыс соңында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов 2025 жыл саяси жағынан да, заңнамалық тұрғыдан да маңызды оқиғаларға толы болғанын айтты. Жыл басында ел дамуының стратегиялық бағытын айқындаған, ауқымды саяси реформалардың негізін қалаған маңызды құжат – Мемлекет басшысының тарихи Жолдауының үш жылдығы атап өтілгенін еске салды.

Палатаның 2025 жылғы жұмысын қорытындылай келе Мәжіліс төрағасы бұл жыл депутаттар үшін де жемісті болғанына тоқталды.

– Біз Мемлекет басшысының Жолдауларында, Сайлауалды бағдарламасында, Ұлттық Құрылтайда берген тапсырмалары негізінде бірқатар маңызды заңнамалық актіні қабылдадық. Биыл 100 заң қабылданды, оның 24-не депутаттар бастамашы болды. Сондай-ақ еліміздің негізгі құжаттары – Су, Бюджет, Салық, Құрылыс және Цифрлық кодекстер бойынша жұмысты аяқтадық. Олардың әрқайсысы қоғамда қызу талқыланды. Жекелеген нормалар Парламент қабырғасында, сарапшылар қоғамдастығында жан-жақты пікірталас тудырды, тіпті сын да айтылды. Осы істің нәтижесі ретінде елдің ұзақ мерзімді мүдделеріне қызмет ететін шешімдер қабылданып, Парламенттің ашық әрі тиімді жұмыс істегенін атап өтуге болады, – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс спикері сондай-ақ «Жасанды интеллект туралы» заңның қабылдануы арқылы Қазақстан Еуропалық Одақтан кейін осы салада жеке, арнайы заңы бар екінші юрисдикцияға айналғанын атап өтті. Депутаттар «Заң мен тәртіп» қағидатын дәйекті түрде жүзеге асыра отырып, бірқатар маңызды нормалар қабылдағанына назар аударды. Мысал ретінде лудомания, некеге тұруға мәжбүрлеу, телефон арқылы жасалатын алаяқтық және дропперлерге қарсы нормаларды тілге тиек етті. Халықтың қарызға батуын азайтуға бағытталған жұмыс жүйелі жалғасын тапқанын, әлеуметтік салаға қатысты да бірқатар заңнамалық шешім қабылданғанын айтты. Соның ішінде мемлекеттен білім капиталы қарастырылған «Келешек» жүйесі іске қосылғанына, бірыңғай медициналық көмек пакеті және тұрғын үй мәселелерін қамтамасыз ету қамтылғана қысқаша тоқталды.

Ерлан Қошанов сондай-ақ жыл басында депутаттардың өңірлерге сапары басталатынын еске салды. Ол әріптестерін сайлаушыларды қабылданған заңдар туралы хабардар етуге, заңдардың жергілікті жерде қалай жұмыс істеп жатқанын зерттеуге және азаматтардың барлық мәселесін ден қойып, мұқият тыңдауға шақырды. Кейін әдеттегідей тұрғындардың аманаты жинақталып, Үкіметке жеткізіледі.

Жиын соңында Мәжіліс Құрылыс кодексі мен  банктер және банк қызметі туралы заңға, олардың ілеспе түзетулеріне, сондай-ақ цифрландыру, көлік және кәсіпкерлік саласында өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға Сенат ұсынған жаңа редакциямен келісті. Нақтылау сипатындағы бұл түзетулер Мәжіліс қабылдаған заңдардың тұжырымдамасын өзгертпейді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив