Cемей-5°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
509.94 593.88 6.43

Бүлдіршіндерге қуаныш сыйлаған мерекелік іс-шара

1-06-2025, 17:52 018.kz

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Көкпекті ауданының орталығы – Көкпекті ауылындағы «Ұлы дала елі» алаңында мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Аталмыш думанды кеште бүлдіршіндер көтеріңкі көңіл күй мен шаттыққа бөленіп, мерекенің шынайы куәсі болды.

Балаларды қорғау күні 1949 жылы қараша айында Париж қаласында өткен Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының конгресі шешімімен белгіленіп, алғаш рет 1950 жылы аталып өтті. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – балалардың өмірін, денсаулығын, білім алуын және құқықтарын қорғаудың маңыздылығын әлем жұртшылығына еске салу.

Мерекелік шараға аудан әкімі Әділет Қожанбаев қатысып, балалар мен ата-аналарды айтулы күнмен құттықтады.

– Құрметті ата-аналар! Қымбатты балалар! Сіздерді жадыраған жаздың алғашқы күнімен тұспа-тұс келген 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – балаларға деген шексіз сүйіспеншілік пен қамқорлықты айшықтайтын ерекше мереке. Балалар – өміріміздің сәні, болашағымыздың жарқын кепілі. Олар үшін жасалған әрбір игі іс – еліміздің келешегіне қосылған үлес. Бүгінде ауданымызда үш мыңға жуық бала өсіп келеді. Оларды қорғау, тәрбиелеу және сапалы білім беру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Қымбатты балалар! Сіздерге шат күлкі, мықты денсаулық, ата-ана мейірімі мен жарқын жазғы демалыс тілеймін. Елін сүйетін, білімге құштар азамат болып өсіңдер. Мереке құтты болсын!, – деді аудан басшысы.

Сонымен қатар, мерекелік кеш барысында ауданның белсенді кәсіпкерлері – Виничук Владимир Викторович, Бекбердинов Болат Миғражұлы және Дюсембаева Индира Серікбекқызы балаларды мерекемен құттықтап, жыл басында құрылған «Ауданның ауыл шаруашылық құрылымдары және кәсіпкерлері қоры» атынан 20 балаға жазғы демалыс лагеріне жолдама сертификаттарын табыстады.

Бұған дейін 140 бала жазғы сауықтыру лагерлерімен қамтылған болса, бүгінгі сертификаттарды қоса есептегенде, жалпы саны 160 бала жазғы демалысқа жіберілді.

Айта кетейік, аталған Қор ағымдағы жылдың басында аудан кәсіпкерлері мен шаруа қожалықтарының бастамасымен құрылған. Қор өз жұмысын төрт негізгі бағытта жүзеге асырады:
– бұқаралық мәдени-спорттық іс-шараларды өткізу;
– демеушілік және қайырымдылық;
– қайырымдылық акцияларын ұйымдастыру;
– білікті мамандарды тарту және оқыту.

Қор қызметі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында іске асырылып, қаржылық ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында құрамына бизнес өкілдері енген қамқоршылық кеңес құрылған.

Мерекелік концерт қызықты ойын-сауық бағдарламаларына, спорттық жарыстарға ұласып, балаларға ерекше әсер сыйлады. Жас ұрпаққа тағылымды тәрбие мен сапалы білім беру, олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіру – баршамыздың ортақ парызымыз. Әрбір баланың балалық шағы бақытты, болашағы баянды болсын!

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив