Ұлт рухы мен университет миссиясы: Алаш идеясы білім кеңістігінде
Шәкәрім университетінде ректор Думан Орынбековтің 2025 жыл қорытындысы бойынша қоғамдық есебінің логикалық жалғасы іспетті маңызды рухани-танымдық іс-шара өтті. «The turning point: Білім мен руханияттағы бетбұрыс» тақырыбымен ұйымдастырылған бұл жиында университеттің жаңартылған білім беру және ғылыми кеңістіктер кешені көпшілікке таныстырылды.
Ауқымды басқосуға алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбай бастаған еліміздің әр аймағынан келген зиялы қауым өкілдері, Қарағанды қаласындағы «Қасым» кітап баспасының өкілдері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері қатысты.
Іс-шара аясында бірқатар маңызды нысандардың тұсауы кесілді. Атап айтқанда, «Қасым» кітап баспасының өнімдері қойылған арнайы бұрыш, Инклюзивті білім беру ресурстық-даму орталығы, сондай-ақ бірнеше заманауи дәрісхана пайдалануға берілді.
Инклюзивті білім беру ресурстық-даму орталығының ашылу салтанатында ректор Думан Орынбеков:
«Күні кеше қорытынды есеп барысында біз “адамға бағытталған университет” қағидасын ашық айттық. Инклюзия – сол ұстанымның ең нақты, ең жауапты көрінісі. Бұл орталықтар есеп үшін емес, адам үшін, бала мен отбасы үшін жасалды,- деп атап өтті.
Заманауи инфрақұрылым мен ғылымның өзара сабақтастығын айқындайтын келесі нысан – 150 орындық №314 дәрісхананың таныстырылымы болды. Күрделі жөндеуден өткен дәрісхана толықтай жаңартылып, заманауи LED экранмен жабдықталған. Бұл кеңістікте университет ғалымдары жеңіп алған «Шәкәрім Құдайбердіұлының рухани мұрасын кешенді зерттеу» бағдарламалық-нысаналы ғылыми жобасының алғашқы нәтижелері көпшілікке ұсынылды.
Халықаралық академиялық әріптестіктің жарқын көрінісі ретінде түрік тілі дәрісханасы ашылды. Шәкәрім университеті мен Түркия ғалымдары арасындағы ғылыми ынтымақтастық нәтижесінде, TİKA ұйымының қолдауымен жабдықталған бұл дәрісхана көптілді білім беру ортасын дамытуға және халықаралық байланыстарды нығайтуға бағытталған.
Білім мен руханияттағы бетбұрыстың шарықтау шегі – көрнекті алаштанушы ғалым, профессор Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбайдың «Алаштану» дәрісханасы ашылды. Аталған дәрісхана ғалымның шәкірттері – жас зерттеушілердің бастамасымен толық жөндеуден өткізіліп, заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықталды.
«Жыл басының осындай игі істермен, шынайы қуанышпен басталуы – үлкен жақсылықтың нышаны. Бір күннің ішінде бір ғана оқу ғимаратында бірнеше маңызды бастаманың жүзеге асуы – университет рухының, ғылымға деген құрметтің, ұстаз бен шәкірт арасындағы сабақтастықтың айқын көрінісі. Бұл – бірлік пен сенімнің, адал ниет пен ортақ мақсаттың жемісі. Ұстазға, ғылымға, білімге деген шынайы құрмет осындай нақты істер арқылы көрінеді. Ашылып отырған Тұрсын Жұртбай атындағы Алаштану дәрісханасы – сол құрметтің жарқын символы. Бұл дәрісхана шәкірт жүрегіндегі ықыластан, ұстазға деген риясыз тағзымнан бастау алды. Оны өмірге әкелген – Тұрсын Құдакелдіұлының шәкірттері, бүгінгі жас ғалымдар, университеттің ғылыми тірегіне айналып келе жатқан азаматтар»- деді Думан Орынбеков.
250 шаршы метрден асатын аудиторияны жаңғыртып, толықтай заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету – үлкен еңбек пен зор жауапкершіліктің нәтижесі. Бұл бастаманы жүзеге асырған Тұрсын Жұртбайдың шәкірттері – бүгінгі жас ғалымдар университеттің ғылыми тірегіне айналып келе жатқан азаматтар. Олардың қатарында «Міржақып Дулатұлы. Оян, қазақ!» фильміне ғылыми кеңесші болған Ұшқын Сәйдірахман, қазақ әдебиеті мен тарихын инфографикалық форматта жаңаша танытып жүрген Заңғар Кәрімхан, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының және Жас ғалым мемлекеттік стипендиясының иегері Елдос Тоқтарбай бар. Бұл – шәкірттік парыздың сөзбен емес, іспен дәлелденген айқын үлгісі.
Аталған дәрісхана бір адамның есімімен аталса да, мыңдаған студенттің бойына ғылымға деген құрмет дарытатын, жас ұрпақтың болашағына қызмет ететін қасиетті рухани кеңістікке айналуы тиіс. Алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаевтың «Алты алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын – мұғалімдікі» деген сөзі осы сәтте өмірде нақты жүзеге асқандай әсер қалдырды.
Дәрісхананың ашылу салтанатында сөз алған Тұрсын Жұртбай:
«Ашылып отырған дәрісхана Алаш идеясын сіңіруге, жас ұрпақтың ұйықтап жатқан жүрегін оятып, намысын көтеруге септігін тигізсе, өзінің мақсатына жеткені деп есептеймін»,- деді.
Іс-шара барысында Тұрсын Құдакелдіұлының иығына шапан жабылып, кеудесіне «Шәкәрім» медалі тағылды. Бұл рәсім ғалымның алдағы 75 жылдық мерейтойының рухани беташары деcе де болады.








