Абай облысында білім саласындағы өзекті мәселелер талқыланды
Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен жиында өңірдің білім саласындағы өзекті мәселелер қаралды. Білім басқармасының басшысы Бауыржан Ердембеков саладағы атқарылған жұмыстар, жүзеге асырылған жобалар туралы баяндады.
2025 жылы облыста білім беру инфрақұрылымын дамыту, оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында жүйелі жұмыс жүргізілді. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 4 мектеп ашылды. Бесқарағай ауданында 300 орындық, Аягөз ауданында 600 орындық, Семей қаласының Қарағайлы ықшам ауданында 1200 орындық, Водный кентінде 600 орындық мектептер пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта облыс орталығындағы Шығыс кентінде 300 орындық мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Ерекше атап өтерлігі, өңірдегі апатты жағдайда деп танылған үш мектептің мәселесі де кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Жарма ауданының Суықбұлақ ауылында 100 орындық жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Ақсуат ауданындағы Екпін ауылында 300 орындық мектептің құрылысы басталады. Семейдегі №11 мектептің орнына жаңа мектеп салуға құжат әзірленіп жатыр. Бұдан бөлек Семей қаласындағы №4 және №30 мектептерде қосымша ғимараттар салынуда. Бұл жобалар толық іске асқанда мыңға жуық баланың сапалы білім алуына мүмкіндік береді.
2025 жылдың соңында Семейде көпфункционалды Оқушылар сарайы ашылды. Нысанның жалпы ауданы – 9 800 шаршы метр. Ғимарат 500 балаға шақталған, ауысыммен 1500 оқушыға дейін қабылдай алады.
Былтыр облыстағы 12 мектепке күрделі жөндеу жүргізуге 2,9 млрд теңге бағытталды. Оның ішінде 9 мектеп толық реновациядан өтіп, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, облыстың 75 мектебіне 131 оқу кабинеті, оның ішінде 89 жаңа модификациядағы кабинеттер сатып алынды. Сондай-ақ, ауылдағы қосымша білім беруді дамыту мақсатында «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 36 мектеп 58 кабинетпен және 4 балалар шығармашылық орталығы 500 миллион теңгеге техникалық-ғылыми, stem бағытындағы жаңа модификациялық кабинеттермен жабдықталды.







