Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абай атындағы театрдың директоры болып тағайындалды
Бірыңғай конкурстық комиссияның шешімі негізінде Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Абай атындағы театр» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры қызметіне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сарсебаев Нартай Сауданбекұлы тағайындалды.
Нартай Сауданбекұлы 1977 жылғы 22 қарашада Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Нарынқол ауылында дүниеге келген.
Жаңа басшыны театр ұжымына Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан таныстырып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Басқарма басшысы өз сөзінде жаңа директордың шығармашылық жолына ерекше тоқталып өтті:
— Нартай Сауданбекұлы – кино және театр актері, жазушы, драматург, аудармашы, тележүргізуші, сондай-ақ дубляж актері. Театр саласын бес саусағындай меңгерген, тәжірибесі мол кәсіби маман. Сондықтан бұл жауапты қызметті абыроймен атқаратынына сенім білдіремін, – деді Жанжігіт Омархан.






