Көкпекті ауданында стоматологиялық клиника ашылды
Көкпекті ауданында медициналық инфрақұрылымды дамыту бағытында жобалар жүзеге асуда. Жақында аудан орталығы – Көкпекті ауылында «DentRise» стоматологиялық клиникасы салтанатты түрде ашылды.
Жергілікті тіс дәрігері Өмірбек Ақтаевтың бастамасымен салынған нысан бірнеше жыл бойы жоспарланып, кезең-кезеңімен жүзеге асқан. Ол аудан тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді стоматологиялық қызмет көрсету басты мақсат екенін атап өтті.
Жаңа клиника ауданның денсаулық сақтау саласын дамытуға елеулі үлес қосады. Мұнда стоматологиялық көмектің 5 бағыты бойынша қызмет көрсетіледі. Атап айтқанда, терапиялық ем, хирургиялық стоматология, балалар стоматологиясы, ортопедиялық бөлім (тіс протездеу) және орталықтандырылған стерилизация бөлімі жұмыс істейді.
Заманауи медициналық жабдықтармен қамтылған клиника тұрғындарға тіс емдету, протездеу және хирургиялық көмек алу қызметтерін өз ауданында қолжетімді етеді.




