Семейдегі жедел медициналық жәрдем станциясына жаңа санитарлық автокөліктер берілді
Абай облысының медициналық ұйымдары биылғы қыркүйек айына дейін 100 жаңа санитарлық автокөліктермен қамтамасыз етіледі. Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы облыстық жедел медициналық жәрдем станциясына сол техникалардың алғашқы легін – 10 санитарлық автокөліктің кілтін салтанатты түрде табыстады.
Бұл нысан қазіргі таңда санитарлық автокөліктермен толық қамтамасыз етілген. Алайда техникалардың жалпы тозу деңгейі 90 пайыздан асады. Осы мәселені шешу үшін былтыр «Абай облысы медициналық ұйымдары үшін санитарлық автокөлік сатып алу» жобасы шеңберінде «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-мен бірлесіп, облыстық бюджет қаражаты есебінен лизингтік қаржыландыру арқылы Hyundai, JAC және «Газель» маркалы 100 санитарлық автокөліктер сатып алынды. Оның ішінде 67 автокөлік облыстық жедел медициналық жәрдем станциясына, 33 автокөлік аудандағы медициналық ұйымдарға беріледі. Барлық автокөліктер GPS-навигациямен және халыққа медициналық көмек көрсетуге қажетті медициналық жабдықтармен толық жабдықталған.
Салтанатты шара барысында құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы денсаулық сақтау саласын дамыту өңір үшін басым бағыттардың бірі екенін атап өтіп, жаңа автокөліктер жедел медициналық көмектің сапасы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін айтты.
Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясында 872 адам еңбек етеді. Мекеме облысымыздың 620 мыңнан астам тұрғынына күн сайын қызмет көрсетіп келеді. Олар жылына 250 мыңнан астам шақыртуға шығады.
Өңірдің денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамыту мақсатында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Өткен жылы алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін 60-тан астам жаңа нысан салынды. Мақаншы ауылында күндізгі стационары, зертханасы және әйелдер консультациясы бар дәрігерлік амбулатория ашылды. Аягөз ауданының көпсалалы орталық аудандық ауруханасының 10 төсектік реанимациялық бөлімшесінің қосымша құрылысы аяқталды. Осы медициналық мекемеде магниттік-резонанстық томографты орналастыру үшін қосымша ғимараттың және Үржар ауданының көпсалалы орталық аудандық ауруханасы базасында «Тері арқылы коронарлық араласу орталығы» ғимаратының қосымша құрылысы басталды. Үкіметтің қолдауымен салынатын 300 орындық облыстық көпбейінді аурухана мен 200 орындық облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жобалық сметалық құжаттамалары жасалып жатыр. Жалпы 2025 жылы облыстың денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға 6 жарым миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.










