Абай облысында партия жанындағы кеңестердің рөлі күшейіп келеді
Семей қаласында AMANAT партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті.
Жиын офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылып, кеңес төрағасы Қаныш Тулеуовтің төрағалығымен өтті. Отырыста жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, партияның облыстық және аудандық деңгейдегі мүшелері, сондай-ақ Партиялық бақылау комиссияларының төрағалары мен мүшелері қатысты.
Күн тәртібінде ауыл шаруашылығы және жер қатынастары салаларындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың қазіргі жай-күйі, сондай-ақ партия филиалының сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы қаралды.
Жиын барысында «Ауыл аманаты» және «Жер аманаты» партиялық жобаларының іске асырылуы, пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, жер ресурстарын әділ әрі тиімді бөлу мәселелері кеңінен талқыланды. Осы бағытта қоғамдық бақылауды күшейту мақсатында құрылған «Жер аманаты» комиссияларының жұмысына ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар жер қатынастары саласындағы ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған jerkarta.gharysh.kz геоақпараттық сервисінің маңыздылығы атап өтілді. Мемлекетке қайтарылған жерлерді ең алдымен ауыл тұрғындарының қажеттіліктеріне, соның ішінде жайылым мәселесін шешуге бағыттау қажеттігі айтылды.
Отырыс барысында кеңес мүшелері мен сала өкілдері тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылып, өзекті мәселелер бойынша сұрақ-жауап алмасу өтті. Жол картасы аясындағы көрсеткіштердің орындалуы, жауапты мемлекеттік органдар мен депутаттардың рөлі нақты талқыланды.
Отырыс қорытындысы бойынша барлық ұсыныстарды қамтитын кеңес қаулысы қабылданып, тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын болды. Алдағы уақытта Көкпекті, Ақсуат және Жаңасемей аудандарында көшпелі отырыстар өткізу жоспарлануда.






