Семейде «Заң мен тәртіп жолындағы 5 жыл» өңірлік форумы өтті
Семейдегі М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің «Ес-Аймақ» рухани орталығында «Заң мен тәртіп жолындағы 5 жыл» атты өңірлік форум өтті. Шараға облыс әкімі Берік Уәли, құқық қорғау органдарының жетекшілері мен сала ардагерлері қатысты.
Абай облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен өткен салтанатты жиында құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы сала мамандарының атқарған еңбегіне жоғары баға беріп, құқықтық тәртіп пен экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы табысты жұмыстары үшін алғыс білдірді.
2022 жылы Абай облысының құрылуына байланысты Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігінің аумақтық бөлімшесі ретінде Абай облысы бойынша экономикалық тергеп -тексеру департаменті құрылды. Департамент өңірде заң бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың құқығын қорғау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Облыстағы өзекті мәселелердің бірі – заң бұзушылықпен басталған коммерциялық тұрғын үйлердегі үлескерлердің мәселесі. 2022-2024 жылдар аралығында жүргізілген талдау нәтижесінде Семейде жалпы 547 үлескері бар 17 көпқабатты коммерциялық тұрғын үй анықталды. Аталған нысандардың 9-ы бойынша соттың мәжбүрлеп бұзу туралы шешімі шыққан. Мәселені шешу мақсатында Абай облыстық прокуратурасы, Экономикалық тергеп-тексеру, Әділет және Полиция департаменттері өкілдерінің қатысуымен бірлескен отырыстар өткізілді. Нәтижесінде 282 үлескердің мәселесі оң шешімін тапты.
Шара барысында Абай облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ержан Бөлегенов бірқатар қызметкерлерге «Қаржылық мониторинг агенттігіне 5 жыл» естелік төсбелгісі мен Алғыс хатттарды тапсырды.










