Облыс әкімі Абай ауданындағы құрылысы аяқталмай жатқан нысандарда болды
Аймақ басшысы Берік Уәли Абай ауданындағы құрылысы көп жылдан бері аяқталмай, созылып келе жатқан әлеуметтік нысандарға арнайы барды.
Облыс әкімі әуелі Кеңгірбай би ауылы маңындағы Қарашоқы шатқалында салынып жатқан балалар лагерінің құрылысын көрді. Бір ауысымда қырық баланы қабылдауға мүмкіндік беретін нысанның құрылысы 2023 жылы басталғанымен, мердігерлердің жауапсыздығынан аяқталмай отыр. Қазіргі таңда ғимаратта жылыту жабдықтарын орнату және ішкі әрлеу жұмыстары қалған. Лагерь орналасқан аумақта орталықтандырылған ауыз су жүйесінің болмауына байланысты тасымал арқылы жеткізілуде.
Аймақ басшысы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және құрылыс басқармаларына нысан құрылысын қатаң қадағалауға алуды, мердігерге жұмысты сапалы аяқтауды тапсырды.
Аймақ басшысы сондай-ақ Көкбай ауылында салынып жатқан, «сақалды құрылысқа» айналған нысанның бірі спорт модулінде болды. Мұнда да құрылыс жұмыстары 2023 жылы басталғанымен белгіленген мерзімде аяқталмай келеді. Мердігерлер жобаны аяқтау үшін қосымша қаржы қажеттігін жеткізді. Жобаға сәйкес спорт модулінің жылу жүйесі электр энергиясы арқылы жұмыс істеуге бейімделген. Алайда нысанның үздіксіз әрі тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін орталықтандырылған жылу қазандығын салу туралы ұсыныс айтылды.
Облыс әкімі жауапты басқармаларға ғимарат құрылысын аяқтау үшін тиісті құжаттамаларды әзірлеуді, мердігерлерге құрылысты сапалы аяқтауды тапсырды.










