Сенаторлар сарапшылармен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жетілдіру жолдарын талқылады
Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде көшпелі отырыс өткізді.
Талқылау барысында қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті одан әрі қалыптастыру және сыбайлас жемқорлық көріністеріне мүлдем төзбеушілік мәселелері негізгі тақырып болды.
Сенат комитетінің төрағасы Андрей Лукин біздің мемлекетіміз қоғамдағы сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған саясатты тұрақты түрде жүргізіп келе жатқанын атап өтті.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты нәтижелі жүзеге асыру тек прогрессивті нормативтік-құқықтық базаға ғана емес, сонымен қатар қоғамдық және жеке сананың жаңаруына, мемлекеттік қызметшілердің ғана емес, барлық азаматтардың мінез-құлқының оң өзгерісіне де байланысты. Сонымен қатар, бұл үдеріс жастардың адамгершілік және азаматтық тәрбиесінің, өскелең ұрпақтың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың ажырамас бөлігі болуға тиіс. Осы мақсатта сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын қамтитын заңдар мен заңнан кейінгі бірқатар актілер қабылданды», - деді сенатор Лукин.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали заңның негізгі жаңалықтары туралы жан-жақты айтып берді. Ол өз сөзінде кірістер мен мүліктерді жалпыға бірдей декларациялау, негізсіз баю фактілерін анықтау, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарды қорғау жүйесін қалыптастыру тетіктері туралы айтты.
Кездесу барысында Агенттіктің сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы одан әрі жетілдіру, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі жоспары туралы хабардар етілді. Сондай-ақ кезекші бөлімнің жұмысы, жауап алу және сотқа дейінгі тергеу кабинеттері де таныстырылды.
Сенатор Андрей Лукин кездесуді қорытындылай келіп, Сенат депутаттары мен Агенттік басшылығының еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты одан әрі қалыптастыру жөніндегі жұмысы жалғасатынын атап өтті. Сенаторлар Агенттіктің осы саладағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған бастамасын қолдауға дайын екенін айтты.