Cемей-15°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-24°С
  • Ақсуат-14°С
  • Бородулиха-15°С
  • Қалбатау-17°С
  • Курчатов-18°С
  • Көкпекті-15°С
  • Үржар-12°С
494.28 587.06 6.4

Президент тапсырмаларын іске асыру жолдары талқыланды

Бүгін, 14:59 Думан Кенжеғазыұлы

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президенттің берген тапсырмаларын орындау бойынша отырыс өтті. Жиынға аудан-қала әкімдері бейнережимде қатысты.

Отырыста облыс әкімінің орынбасарлары өз салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар, алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалар туралы баяндады.

Облыста инвестиция тарту, ескірген инфрақұрылымды жаңғырту, ауыл шаруашылығын дамыту, өнеркәсіптік әлеуетті арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Былтыр өңірде жалпы құны 24,1 млрд теңге болатын 15 инвестициялық жоба іске қосылып, 391 жаңа жұмыс орны құрылды. Қазіргі таңда Семейдегі индустриялық аймақ аумағында жалпы инвестиция көлемі 35 млрд теңге болатын, 1 018 адамды тұрақты жұмыспен қамтуды көздейтін 3 ірі жоба жүзеге асырылу сатысында тұр. Инфляцияны тежеу үшін ішкі өндірісті күшейтіп, агроөнеркәсіпті, сақтау-логистика инфрақұрылымын дамыту көзделген. «Harvest» агро-индустриалды кластері, қойма және сауда ғимараттары бар көпфункциялы базар құрылысы жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Жылу маусымына дайындық барысында облыс аумағында жылу желілерінде анықталған ақауларды жою жұмыстары жүргізілді. Бұл мақсатқа Үкімет резервінен және бюджеттен 11,8 млрд. теңге бөлінді. Аталған қаражатқа 23 жылу көзі жөнделіп, 22 шақырым жылу желісі ауыстырылды. Нәтижесінде желілердің тозу деңгейі 59,3%-дан 55,6%-ға, оның ішінде Семей қаласы бойынша 61,5%-дан 58,2%-ға төмендеді.
Облысты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жалпы құны 24,9 млрд теңгеге 32 жоба іске асырылды.

Өңірде мал саны артып келеді. Қой шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған салалық бағдарламасы әзірленіп, «Игілік» бағдарламасы арқылы 300 мың бас асыл тұқымды ұсақ мал сатып алу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қайта өңдеу саласында ірі инвестициялық жобалар іске асырылып, «Eurasia Agro Semey» кәсіпорны базасында жылына 11,4 мың тонна өнім шығаратын ет комбинатын іске қосу көзделуде.

Аймақ басшысы жиында барлық бастамалар тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға және өңірдің экономикалық әлеуетін нығайтуға бағытталуы қажеттігін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде «Қажетті инфрақұрылымның болмауы облыстардың дамуына және халықтың тұрмыс сапасына кері әсерін тигізіп отыр. Әсіресе, жаңадан құрылған Абай және Ұлытау облыстарында инфрақұрылым жеткіліксіз. Алматы облысында да ахуал мәз емес. Бұл аймақтардың дамуына айрықша назар аудару қажет» деп жаңадан құрылған өңірлердің жағдайына арнайы тоқталып, нақты тапсырма берді. Үкімет басшысы да өңірдің инфрақұрылымдық мәселелерін шешуге көмектесетінін атап өтті. Елімізде аймақтардың инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі орташа есеппен алғанда – 64,1 пайыз. Ал Абай облысында бұл көрсеткіш республика бойынша ең төмен деңгейде. Өңірдің инфрақұрылыммен қамтылуы 56,3 пайыз болып отыр. Бұл біздің өңіріміз үшін жауапкершілік қана емес, үлкен мүмкіндік екенін түсінуіміз керек. Біз Президентіміздің осы ауқымды тапсырмасы аясында өңірдің инфрақұрылымын дамыту жолдарын қарастырып, тиісті жұмыстарды атқаратын боламыз», – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы жиын қорытындысында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, инвестициялық жобалардың уақтылы іске асуын бақылау, шағын және орта бизнесті қолдау, инфляцияны тұрақтандыру, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуге қатысты нақты тапсырмалар берді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив