Семейде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік нарығы мен инвестициялық жобалар дамуда
Абай облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз туры аясында БАҚ өкілдері Семей қаласының тұтыну нарығы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік (ӘМАТ) тауарларын тұрақтандыру шаралары және инвестициялық жобалармен танысты. Іс-шарада кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Еркебұлан Накипов өңірдегі кәсіпкерлік пен әлеуметтік-экономикалық ахуалға қатысты толық ақпарат берді.
Қалада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі 2025 жылғы 23 желтоқсандағы №362 бұйрықпен 19-дан 31 атауға дейін кеңейтілді. Кәсіпкерлік бөлімі сауда қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бағаны тұрақтандыру шаралары мен ӘМАТ тауарларының тізбесін сақтау жөнінде ақпарат береді. 2025 жылы 107 сауда нысаны, ал 2026 жылдың басынан 7 нысан бойынша тексеріс жүргізілді.
Сонымен қатар, Семей қаласында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту аясында «BayazitLife» ЖШС өндірісінің жұмысы назарға алынды. Кәсіпорын 2015 жылы тіркеліп, кәсіби пайдалануға арналған арнайы киім өндірісімен айналысады. Техникалық директор Жасұлан Тұрсынхановтың айтуынша, кәсіпорын төмен температура жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлерге арналған қорғаныш киім, сондай-ақ мемлекеттік стандарттарға сәйкес тігілетін ерлер мен әйелдерге арналған формалық киім шығарады.
Баспасөз туры барысында журналистер өндірістік процестің барлық кезеңімен, шикізатты қабылдаудан дайын өнімді жеткізуге дейінгі үдерістермен танысты. Кәсіпорын басшылығы өндіріс көлемін ұлғайту, жаңа өнім түрлерін шығару және қосымша жұмыс орындарын ашу жоспарларын жүзеге асыруда.
Семей қаласындағы сүт өнімдерін өндіретін «Qazmilk» кәсіпорнының жұмысы да назарға алынды. Технолог Али Қалихановтың айтуынша, кәсіпорында сүт, брынза, крем, қаймақ және қазақ ұлттық тәттілері шығарылады. Өндіріс күніне 15 тонна шикізатты өңдейді, оның 4 тоннасы Бородулиха және Шемонаиха аудандарындағы фермерлерден жеткізіледі.
«Qazmilk» өнімдері қаланың көптеген дүкендерінде, сондай-ақ 7 арнайы сауда нүктесінде сатылады. Ірі өндіріс орындары да кәсіпорынмен келісімшарт жасап, жұмысшыларға сүт өнімдерін жеткізіп отыр. Кәсіпорында көптеген жастар еңбек етсе, қаладағы жоғары оқу орындарының студенттері өндірістік практикадан өтіп жүр.
Осы бастамалар Семей қаласында шағын және орта бизнесті қолдаудың нақты нәтижесін көрсетіп, әлеуметтік тауарлардың қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, өңір экономикасының өсуіне ықпал етуде.






