Абай облысында дауылды ескерту: жол қозғалысына шектеу енгізілуі мүмкін
Құрметті республикалық маңызы бар автожолдарды пайдаланушылар!
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының хабарлауынша, 20–24 ақпан аралығында Абай облысы аумағында ауа райы күрт нашарлайды. Синоптиктердің болжамы бойынша, ауа температурасы -28-30 градусқа дейін төмендеп, желдің жылдамдығы секундына 14–16 метрге дейін күшейеді, қалың қар жауады.
Қолайсыз ауа райы салдарынан көктайғақ пайда болып, жолдағы көріну қашықтығы төмендеуі мүмкін.
Осыған байланысты Абай облыстық филиалы жол қозғалысына қатысушылардан аса қажеттілік болмаса, елді мекендерден шықпауға және алыс сапарларға бармауға шақырады.
Қазіргі уақытта Қалбатау – Көкпекті автожолында көлік қозғалысына шектеу қойылған.
19 ақпан күні жол қозғалысы ережелерін сақтамау салдарынан Қалбатау – Семей бағытында екі жеңіл автокөлік соқтығысып, 4 адам қаза тапты. Жалпы, 2025 жылдың басынан бері жол-көлік оқиғалары салдарынан 51 адам көз жұмған. Оның 72 пайызы – көлік құралдарының соқтығысуы нәтижесінде тіркелген.
Жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында жыл сайын 30 мың шаршы метр жол жабыны жөнделіп, 1000-нан астам жол белгісі орнатылуда. Сонымен қатар 40-тан астам стробоскоптық шам, 4000 сигналдық баған, LED экрандар мен шу жолақтары орнатылып, басқа да қауіпсіздік шаралары атқарылуда.
Алдағы күндері дауылды ескертуге байланысты қосымша шектеулер енгізілуі мүмкін.
Жол белгілеріне мұқият болып, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды сұраймыз. Басты мақсатымыз – әрбір азаматтың діттеген жеріне аман-есен жетуі.