Cемей-8°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-24°С
  • Ақсуат-14°С
  • Бородулиха-15°С
  • Қалбатау-17°С
  • Курчатов-18°С
  • Көкпекті-15°С
  • Үржар-12°С
502.6 589.95 6.5

Үржар ауданында «Қаладан ауылға» жобасы іске асуда

Бүгін, 12:46 Думан Кенжеғазыұлы

Мемлекет басшысының ауылдық аумақтарды дамыту және агроөнеркәсіп кешенін қолдау жөніндегі тапсырмалары аясында Абай облысында «Қаладан ауылға» жобасы кезең-кезеңімен іске асырылуда.

Аталған жоба шеңберінде Үржар ауданына  агроном, механизатор, малшы және мал дәрігері сынды сұранысқа ие мамандарды тарту жоспарланған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар  қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында аудан әкімі Ақылбек Башимбаев баяндады.

- Бағдарламаға қатысушыларға ауылдық округтер әкімдіктері тарапынан нақты қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, Бестерек ауылдық округінің Қазымбет ауылына, Барқытбел ауылдық округінің Батпақты және Благодатное ауылдарына, сондай-ақ Салқынбел ауылдық округінің Тасбұлақ және Қарабұйрат ауылдарына қоныс аударған отбасыларға тұрғын үйлер ұсынылады. Сонымен қатар, егістік, шабындық және жайылым жер телімдері, мал басы беріледі. Әрбір үйдің ауласында алма ағаштары мен жеміс-жидек көшеттері отырғызылған. Бұл өз кәсібін дамытуға және жеке қосалқы шаруашылық жүргізуге қолайлы жағдай жасайды, - деді спикер.

Бұдан бөлек, шаруа қожалықтары басшыларымен бірлесіп, қаладан ауылға келуге ниетті азаматтарды ынталандыру мақсатында қаржы шығынын қажет етпейтін тауарлық несие түрінде төрт түлік мал беру тетігі қарастырылған. Бұл тәсіл ауылға қоныс аударушыларға бастапқы капиталсыз-ақ мал шаруашылығын бастауға мүмкіндік береді.

- Мәселен, 2025 жылғы 18 шілдеде аудан бойынша аналық ірі қара малын жалға беру (тауарлық несие) тәжірибесі іске асырылды. «Андас» шаруа қожалығының басшысы өз жұмысшысына 5 бас ірі қара малын табыстады. Ал «Береке» шаруа қожалығы 4 бас аналық ірі қара беріп, нәтижесінде 2 бас төл алынып, жалпы мал саны 6 басқа жетіп отыр. Бұл бастама мал басын көбейтуге және жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң ықпал етуде, - деп атап өтті аудан әкімі.

Жалпы, ауданда мал шаруашылығы саласының әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Ағымдағы жылы іске қосылатын «Игілік» бағдарламасы аясында әлеуетті несие алушылардың тізімі қалыптастырылды. Бағдарлама шеңберінде ауданның 27 шаруа қожалығы 14 мың бас асыл тұқымды қой, ал 42 шаруа қожалығы 2,2 мың бас асыл тұқымды ірі қара мал сатып алуды жоспарлап отыр.

«Игілік» бағдарламасын және «Қаладан ауылға» жобасын тиімді іске асыру нәтижесінде ауыл халқының тұрақтандырылуы, тұрақты табыс көздерінің қалыптасуы, жаңа жұмыс орындарының ашылуы және ауылдан көшу үрдісінің бәсеңдеуі күтілуде.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив