Абай облысында жылу желілері жаңартылып, Семейде ірі инженерлік жобалар іске асады
Абай облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Раджан Сейтканов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында жылумен қамту жүйесінің жай-күйі мен алдағы кезеңге жоспарланған жұмыстар туралы баяндады.
Өңірде жылумен қамту нысандарын жаңғырту және инженерлік инфрақұрылымның тозуын кезең-кезеңімен азайту жұмыстары жалғасады. Ерекше назар Семей қаласының оң жағалау бөлігін жылумен қамтамасыз етуге аударылып отыр.
2025–2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында 23 жылу көзі мен 22 шақырым жылу желісі жөнделді. Жұмыстардың жалпы құны - 12,6 млрд теңге.
Семей қаласының оң жағалау бөлігіндегі жылу энергиясының тапшылығын азайту мақсатында ұлттық жобалар аясында 5 ірі жоба іске асырылады. Олардың жалпы құны – 15 млрд теңге.
Сонымен қатар 884 млн теңгеге облыстағы әлеуметтік нысандардың 80 автономды қазандығына ағымдағы жөндеу жүргізілді.
Семейде жылумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін 12 жылу көзі жаңғыртылып, 13,6 шақырым тозған жылу желісі толық ауыстырылды.
Жылыту маусымы аяқталғаннан кейін жылу желілерінде гидравликалық сынақтар жүргізіледі. Осыған байланысты ыстық су беру уақытша тоқтатылып, сынақтар аяқталған соң кезең-кезеңімен қайта қосылады.
Мамандардың айтуынша, бұл жұмыстар жылу жүйесінің сенімділігін арттыруға бағытталған. Осыған орай КСК және ОСИ ұйымдарына үйлердің ішкі инженерлік желілерін алдын ала дайындау ұсынылды.