Биыл Семейде 8 мың түп ағаш егіледі
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Семей қаласын көгалдандыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бүгін аймақ басшысы Берік Уәли қаланың орталық көшелерінің бірі саналатын Титов көшесінің бойында ағаш көшеттерін отырғызу рәсіміне қатысты.
Семей қаласында 25 сәуірден ағаш отырғызу жұмыстары басталды. Биыл шаһарға «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жалпы саны 8 мың түп ағаш егу жоспарланған. Осы уақытқа дейін қалада мыңнан астам ағаш отырғызылды.
Облыс әкімі Семейді жасыл желектендіру бағытындағы жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті.
Аймақ басшысы ағаш отырғызу рәсімінен кейін қала аумағында жүргізіліп жатқан абаттандыру және қоғамдық кеңістіктерді жаңарту жұмыстарының барысымен танысты. Юность кентіндегі саябақты көріп, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жобалардың жүзеге асырылуын қадағалады.
Юность ауданындағы саябақ құрылысы екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең былтыр аяқталған. Оның аясында балаларға арналған ойын алаңы салынып, қылқан жапырақты және жапырақты ағаш отырғызылып, мыңнан астам сәндік бұта мен көпжылдық гүл егілді. Аумақ көгалдандырылып, брусчатка төселіп, асфальт салынды.
Жергілікті тұрғындар абаттандыру жұмыстарына ризашылықтарын жеткізді.
Аймақ басшысы биыл Семейді абаттандыруға айрықша көңіл бөлінетінін атап өтті. Әсіресе бұрын асфальт төселмеген көшелер мен аула аумақтарына басымдық беріледі.
Былтыр 40 аулаға асфальт төселсе, биыл екі жарым есеге көбейіп, 100 аулаға асфальт төселеді. Өткен жылы 52 көше орташа жөндеуден өтсе, биыл 100 көшеге орташа жөндеу жүргізіледі. Былтыр Семейде 35 аула абаттандырылса, 3 есеге артып, 100 аула абаттандырылады. Сондай-ақ, 100 көше жарықтандырылады.










