Cемей28°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
463.41 546.27 6.18

Семейде Рәміздер алаңының құрылысы қарқынды жүргізілуде

Бүгін, 10:09 Думан Кенжеғазыұлы

Облыс әкімі Берік Уәли қаланы аралау барысында Бейбітшілік аралындағы Рәміздер алаңының құрылыс алаңына барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Жыл басында Мемлекет басшысының қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы аясында Солтүстік Қазақстан облысының тартуы ретінде Рәміздер алаңының іргетасы қаланып, құрылысы басталған болатын.

Жобаға сәйкес алаңның диаметрі 28 метрді құраса, жалпы биіктігі 35 метр болады. Заманауи талаптарға сай бой көтеріп жатқан нысан қаланың сәулеттік келбетіне ерекше сән бермек. Сондай-ақ, тұрғындар мен қонақтар үшін маңызды қоғамдық кеңістіктің біріне айналмақ.

Қазіргі уақытта алаң аумағында құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Нысанды биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Айта кетейік, «Абайға құрмет» республикалық акциясы аясында еліміздің өңірлері Семей қаласында бірқатар әлеуметтік және мәдени нысандар салуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта жаңа ықшамаудан әкімшілік іскерлік орталығында Маңғыстау облысы Достық үйінің және Шымкент қаласы Шығармашылық орталығының құрылысын жүргізуде. Акция аясында Түркістан облысы Көрме орталығын, Ақтөбе облысы Жекпе-жек сарайын, Павлодар облысы Үстел теннисі орталығын, Атырау облысы «Абай әлемі» ғимаратын, Қызылорда облысы «Анаға тағзым» орталығын, Қостанай облысы Рухани орталықты, Жетісу облысы қалаға кіреберіс қақпа, Астана қаласы 1200 орындық келешек мектебін, Алматы қаласы Медиа орталықты салып берсе, Шығыс Қазақстан облысы Ертіс жағалауын абаттандырады.

Аймақ басшысы қаланы аралау барысында Бейбітшілік аралындағы «Өлімнен де күшті» монументі мен оған іргелес аумақты қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен де танысты.

Жоба аясында 10 мың шаршы метр аумақтағы тас төсемдерін жаңарту жоспарланған. Атап айтқанда, аумаққа заманауи Avers тротуар тастары төселеді. Сонымен қатар монументтерді қалпына келтіру, ұзындығы 300 метр автоматты суару жүйесін орнату, сыртқы жарықтандыру тіректерін жөндеу және кабель желілерін ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, кіреберіс қайта жаңартылып, 500 шаршы метрден астам аумаққа гүлзарлар орналастырылады.

Облыс әкімі мердігерлерге тарихи маңызы зор нысанның айналасын абаттандыру және ретке келтіру жұмыстарын уақтылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

«Биыл Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толады. Бұл – өңіріміз үшін ғана емес, еліміз үшін тарихи маңызы зор дата. Осыған орай «Өлімнен де күшті» монументі маңын толық абаттандырып, ретке келтіріп жатырмыз. Тас төсеуіштерді, орындықтарды жаңалап, баспалдақтарды қалыпқа келтіріп, тұрғындардың серуендеуіне қолайлы жағдай жасауымыз қажет», – деді Берік Уәли.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив