Семейдегі жаңа көпір құрылысы биыл аяқталады
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы бірқатар құрылыс нысандарының жәй-күйімен танысты. Аймақ басшысы алдымен ескі автогуж көпірінің жанында салынып жатқан жаңа көлік өткелінің құрылысын көрді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан жобаның құрылысы 2022 жылы басталған. Көпірдің ұзындығы – 810 метр, ені – 23 метр. Нысанның жалпы құны – 47,3 млрд теңге.
Қазір құрылыс жұмыстарының 65 пайызы аяқталған. Жоба аясында 9 тірек орнатылады. Оның 8-і тұрғызылған. 9 мың тонна металл конструкцияның 4,3 мың тоннасы монтаждалған. Жоғарғы металл аралық құрылымның 418 метрі орнатылды.
Нысанда 174 адам еңбек етіп жатыр. Қажетті құрылыс материалдары толық көлемде сатып алынған. Оның ішінде 9 мың тонна металл конструкция жеткізілді. Аталған көпір арқылы көлік қозғалысын іске қосу биылға жоспарланған.
Құрылыс барысында осы уақытқа дейін 27 млрд теңге игерілген. Биыл жергілікті бюджеттен 2 млрд теңге бөлінді.
Облыс әкімі құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстап, жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.








