Мәжіліс нотариаттық қызмет мәселелері жөніндегі түзетулерді мақұлдады
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар нотариаттық қызмет мәселелері және машина жасауды дамыту мәселелері жөніндегі заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады. Салық кодексіне енгізілетін түзетулер екі оқылымда, сайлауды жетілдіру мәселелері және атқарушылық өндірісті жетілдіру мәселелері бойынша заңдар екінші оқылымда қабылданды. Сонымен қатар Мәжіліс әскери қызметшілердің құқықтық жағдайын жетілдіру, қорғаныс және әскери қызмет мәселелері туралы заңды қабылдады.
Мәжіліс депутаттары бастамашы болған «Қазақстан Республикасының Салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы» заң екі оқылымда қабылданды. Мәжіліс депутаты, бастама авторларының бірі Ерлан Стамбеков айтқандай, өзгерістер жаңа Конституция мен «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заң нормаларын іске асыруға бағытталған.
Депутаттың деректері бойынша, заң жобасында құқықтық реттеудің мәнін өзгертпей, жекелеген нормалардың редакциясын техникалық тұрғыдан нақтылау және біріздендіру қарастырылған. Атап айтқанда, «шетелдік» терминін «шетелдік азамат» ұғымымен алмастыру, «тенге» сөзін «теңге» нұсқасына келтіру, сондай-ақ аумақ атауларын көрсету тәртібін астанаға басымдық бере отырып реттеу ұсынылады.
– Салық заңнамасындағы институционалдық атауларды жаңа конституциялық модельге сәйкестендіру қарастырылған. Осыған байланысты «Парламент» атауы «Құрылтай» атауымен ауыстырылып, сондай-ақ жаңа «Қазақстан Халық Кеңесі» институты енгізіледі, – деді Ерлан Стамбеков.
Бұған қоса, конституциялық заңнан осындай норманың алынып тасталуына байланысты азаматтардың Конституциялық Сотқа жүгінуі кезіндегі мемлекеттік баж салығы жойылады.
Жалпы алғанда, ұсынылып отырған түзетулер құқықтық-техникалық сипатқа ие және заңнаманы жаңа институционалдық жүйеге сәйкестендіруге бағытталған. Олар салық жүктемесін де, салық салу тетіктерін де өзгертпейді.
Жалпы отырыс барысында нотариат саласындағы мемлекеттік бақылау жүйесін жетілдіруге бағытталған нотариаттық қызмет мәселелері бойынша депутаттық өзгерістер мен толықтырулар жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасының нормаларын Мәжіліс депутаты, құжат авторларының бірі Нұрсұлтан Байтілесов таныстырды.
– Қолданыстағы модель нотариаттың жария-құқықтық табиғатын толық ескермейді және әділет органдарының құқық бұзушылықтарға жедел ден қою мүмкіндіктерін шектейді. Нәтижесінде бақылаудың тиімділігі төмендеп, азаматтардың шағымдары бойынша жедел әрекет етуді қиындатады. Осы мәселені шешу үшін мемлекеттік бақылау тәртібін тікелей «Нотариат туралы» Заң шеңберінде бекіту ұсынылады, – деп түсіндірді депутат.
Бұған қоса, заң жобасында атқарушылық жазбаны тек борышкердің тіркелген жері бойынша жасау нормасын бекіту ұсынылды. Ал борышкердің тұратын аймағы сәйкес келмесе автоматты түрде бұғаттау тетігін енгізуді көздейді. Сонымен қатар борышкерге атқарушылық жазбаның көшірмесін «электрондық үкімет» порталы және SMS арқылы жеткізу фактісін тіркей отырып жолдау міндеті қарастырылады.
Басқа түзету аясында, егер атқарушылық іс жүргізу қозғалған болса немесе қарсылық мерзімді бұза отырып берілсе, нотариус жазбаның күшін жоюдан бас тартуға тиіс болады. Бұл ретте мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор шарттары бойынша атқарушылық жазбаларды нотариустардың құзыретінен алып тастау ұсынылады.
Нұрсұлтан Байтілесов сондай-ақ заң жобасында нотариустардың жеке сот орындаушыларымен, микроқаржы ұйымдарымен және өзге де қатысы бар тұлғалармен байланысу фактілерін болдырмау үшін қосымша шектеулер белгілеу ұсынылатынын жеткізді. Атап айтқанда, жақын туыстық немесе өзге де тәуелділік болған жағдайда нотариаттық әрекеттер жасауға тыйым салынған.
Заң жобасын қарау депутат Дмитрий Колоданың жетекшілігімен жұмыс тобының отырыстарында жалғасады.
Мәжіліс депутаттары бастамашы болған машина жасау мәселелері жөніндегі түзетулер де бірінші оқылымнан өтті. Құжатты әріптестеріне Мәжіліс депутаты, бастама авторларының бірі Айтуар Қошмамбетов таныстырды. Оның айтуынша, заң жобасында қолданыстағы заңнамаға нақты өзгерістер енгізу қарастырылған, бұл ретте өңдеуші өнеркәсіп саласының басқа да мәселелері қамтылады.
– Түзетулерде арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттырудың жаңа тәсілдері көзделген. Атап айтқанда, орта және жоғары қайта өңдеу деңгейіндегі тауарлар өндірісінің басым қызмет түрлерін белгілеу, АЭА қатысушыларының шарттық міндеттемелерін орындауын бақылауды күшейту, сондай-ақ АЭА әлеуетті қатысушылары үшін қайталанатын өндірістерді, сұранысқа ие емес өнім өндіруді болдырмайтын критерийлер енгізу ұсынылады, – деді депутат.
Заң жобасы аясында мемлекеттік қолдау көрсетілетін өнеркәсіп кластерлері институтын енгізу ұсынылып отыр. Айтуар Қошмамбетов атап өткендей, бұл жаңашылдық өндірістері елдің әртүрлі өңірлерінде орналасқан машина жасау кәсіпорындарына өнеркәсіптік кластерлерге бірігуге және өз өндірісінде ел ішіндегі құндылықты дамытуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар құжатта мемлекеттік инвестициялар және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландырылатын объектілерді салу кезінде отандық құрылыс материалдары мен жабдықтарды қолдану талаптарының сақталуына мониторинг жүргізетін комиссиялар құру көзделген.
Заң жобасының басқа да нормаларымен елішілік құндылықты дамыту және өндірісті оқшаулау деңгейін тереңдету жөніндегі міндеттемелерді енгізу, түсті және қара метал сынықтары мен қалдықтарын жинау, сақтау, қайта өңдеу және өткізу жөніндегі қызметті реттеу және басқа да мәселелер реттеледі.
Түзетулерді екінші оқылымға дайындау үшін құжат жұмыс тобында Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіровтың жетекшілігімен одан әрі талқыланады.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаттары бастамашы болған әскери қызметшілердің құқықтық жағдайын жетілдіру, қорғаныс және әскери қызмет мәселелері туралы заңды қабылдады. Түзетулер Мемлекет басшысының әскери қызметшілерді қолдау шараларын күшейтуге бағытталған тапсырмаларын іске асыру мақсатымен әзірленді.
– Біріншіден, казармалық жағдайда орналасқан немесе карантиндік іс-шараларға тартылған әскери қызметшілерді мемлекет есебінен толыққанды тамақтандыру ұсынылады. Екіншіден, төтенше жағдайларды жою, терроризмге қарсы операцияларды жүргізу, сондай-ақ төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету міндеттерін орындауға тартылатын Қарулы Күштер мен Шекара қызметінің әскери қызметшілеріне үш еселенген мөлшерде ақшалай төлем қарастырылған, – деді Мәжіліс депутаты, бастама авторларының бірі Олжас Құспеков.
Конституциялық Соттың қаулысын іске асыру мақсатымен заңмен қылмыстық-процестік заңнамаға сәйкес лауазымынан уақытша шеттетілген әскери қызметшіні ең төменгі жалақы мөлшерімен қамтамасыз ету қарастырылады. 25 жыл және одан көп еңбек сіңірген әскери қызметшілерге өз қалауы бойынша жұмыстан босау мүмкіндігін беру де қамтылған.
Түзетулер аясында Қорғаныс министрлігінің халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің әскери ынтымақтастық органдарындағы өкілдіктерінің қызметі регламенттеліп, жоғары әскери лауазымдарға ұсыну үшін кандидаттардың цифрлық рейтингі енгізіледі.
Қосымша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Болат Керімбек құжатпен жұмыс барысында депутаттар еліміздің Қарулы Күштерінің Арнайы операциялар күштеріне арнаулы мақсаттағы бөлімше мәртебесін беру, сондай-ақ Қорғаныс министрлігіне олардың жедел мақсаттары мен міндеттерін айқындау өкілеттігін бекітуге бағытталған түзетулер енгізгенін хабарлады.
Жалпы отырыста «Кейбір заңнамалық актілерге сайлауды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екінші оқылымда ілеспе түзетулерімен қабылданды. Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Үнзила Шапақ атап өткендей, құжаттың негізгі мақсаты – сайлау жүйесін жетілдіру, сайлау процесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыру.
Негізгі заңда мәслихат депутаты бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша кері қайтарып алынған жағдайда оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату тәртібі нақтыланып, Бас прокурорға Инвестициялық омбудсмен өкілеттігі беріледі (аймақтарда ондай міндет облыстық прокурорларға жүктеледі).
Түзетулердің жеке блогы Конституциялық реформамен байланысты. Онда Парламенттің бір палаталы құрылымға – Құрылтай моделіне көшуіне байланысты заңнамалық нормаларды сәйкестендіру, жаңа конституциялық институттарды құқықтық тұрғыдан бекіту қамтылған.
Сондай-ақ екінші оқылымда атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері жөніндегі депутаттық заң қабылданды. Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Дмитрий Колоданың дерегі бойынша, енді өндіріп алушы шектеу қоюға жол бермеу мақсатымен алиментті аудару үшін сот орындаушысына арнайы шот ұсынуға тиіс. Платформалық жұмыспен қамтитын интернет-платформалардың немесе мобильді қосымшалардың операторлары сот орындаушысының сұрауы бойынша борышкердің табысы туралы мәліметті беруге міндеттеледі.
Бұған қоса, міндетті аудио-, фото- және бейнетіркеуді жүргізу қажет болатын атқарушылық іс-әрекеттердің тізбесі кеңейтіледі. Оларға үй-жайды тексеру, құқық белгілейтін құжаттарды алып қою, мүлікті беру, сондай-ақ тұрғын үйді, үй-жайлар мен қоймаларды ашу қосылды.
Дмитрий Колода сондай-ақ заң арқылы соттың атқарушылық парақтарды беруі мен оны сот орындаушысына жолдау үшін үш күннен бес күнге дейінгі бірыңғай мерзім айқындалғанын айтты. Экстерриториялық соттылықты қолдану енді талап қою берілген кезде тек бір рет қана жүзеге асырылады. Ал заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің заңдылығына істі алдын ала тыңдауға дайындағаннан кейін бір айлық мерзімде дау айтылуы мүмкін.
Бұдан бөлек, Мәжілістің салалық комитеттері бірқатар жаңа құжаттарды жұмысқа қабылдады. Олардың қатарында – Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері, екі ілеспе түзетулері бар «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасы, Жер кодексіне ауыл шаруашылығы жерлерінің ұтымды пайдаланылуына бақылауды күшейту мәселелері бойынша енгізілетін түзетулер және Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы цифрлық экономика саласындағы әріптестік туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы бар.
Жалпы отырыстың қорытындысы бойынша депутаттар мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік және экономикалық тақырыптар бойынша 17 депутаттық сауал жолдады. Олардың барлығы Мәжілістің ресми сайтында және Telegram-арнасында жарияланды.