Гидроэнергетика саласындағы жобаларды жүзеге асыру бойынша меморандумға қол қойылды
Облыс әкімі Берік Уәли «JelSu Energy» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Шыңғыс Құлжанов бастаған инвесторлармен кездесті.
Кездесуде гидроэнергетика саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері талқыланып, аймақ басшысы мен «JelSu Energy» компаниясы директоры Әділет Кенжебеков өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Меморандум аясында Абай облысы аумағындағы Ертіс өзенінде жалпы қуаттылығы 900 мегаватт болатын Белокаменская, Ақжар, Известковская су электр стансалары құрылысын іске асыру жоспарланып отыр. Кезең-кезеңімен жүзеге асатын жобалар аясында техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу, жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізу, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және жаңа жұмыс орындарын құру көзделген.
Аймақ басшысы инвесторларға өңірге деген қызығушылықтары үшін алғыс айта отырып, алдағы уақытта жобалардың сәтті жүзеге асатынына сенім білдірді.
Облыста инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. 2025 жылдың басынан бері инвестициялық пулға енгізілген жобалар саны 29-дан 112-ге дейін ұлғайып, инвестициялар көлемі 2,2 трлн теңгеден 4,3 трлн теңгеге жетті. Биыл жалпы құны 131,2 млрд теңгені құрайтын 41 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.






