Үкіметте оқу жылын аяқтау мәселесі қаралды: емтихандарды өткізу қауіпсіздігін қамтамасыз ету тапсырылды
Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында оқу жылын аяқтау мәселесі қаралды. Онда оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, ішкі істер министрі Ержан Сәденов, туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев, сондай-ақ Ақмола және Атырау облыстарының әкімдері баяндама жасады.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл елімізде 3,9 млн оқушы білім алған. Оның ішінде мектеп қабырғасында 343 мың оқушы 9-сыныпты, 215 мың оқушы 11-сыныпты аяқтайды. «Алтын белгіге» үміткерлер саны 13 175 оқушыны құрайды, «Үздік аттестатқа» 11-сыныптың 18 555 түлегі және 9-сыныптың 31 181 оқушысы үміткер. Сонымен қатар Биылғы оқу жылында 763 колледжде 168 мың студент оқуын аяқтайды.
29 мамыр мен 15 маусым аралығында 9 және 11-сынып бітірушілерінің қорытынды аттестаттауы өтеді. Емтихандардың ашықтығы мен академиялық адалдығын қамтамасыз ету мақсатында материалдар білім беру ұйымдарына тікелей емтихан күні жолданады.
Олжас Бектенов түлектер үшін емтихандар мен оқуға түсу кезеңі, ал қалған оқушылар үшін жазғы демалыс уақыты басталатынын атап өтті.
«Кезекті оқу жылы аяқталды. 200 мыңнан астам түлек үшін бұл – өте маңызды есею кезеңі, емтихан тапсырады, Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтеді, университеттерге түседі. Көпшілігі жазғы демалысқа шығады. Осы жауапты кезеңді тиісті деңгейде әрі қауіпсіз өткізу – барлық мемлекеттік органдар үшін ортақ міндет. Әрбір мектеп оқушысы, әрбір түлек, әрбір студент үшін оқу жылын сәтті аяқтауға және жазғы демалысты толыққанды өткізуге қолайлы жағдай жасалуы тиіс», — деп атап өтті Премьер-министр.
Жауапты министрліктер мен әкімдіктерге емтихандар мен мектеп бітіру іс-шаралары кезінде қауіпсіздік шараларын қабылдау тапсырылды.
Оқу-ағарту, Ғылым, Денсаулық сақтау, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктері мен әкімдіктер емтихандар мен мектеп бітіру шаралары кезінде түбегейлі қауіпсіздік шараларын қабылдауы қажет.
Жалпы үйлестіру жұмысы Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жүктелді.