Cемей29°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
477.48 555.83 6.65

Қазақстанда оқу жылын 4 млн-ға жуық оқушы аяқтайды

Бүгін, 13:31 Думан Кенжеғазыұлы

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында оқу жылын аяқтау мәселесі қаралды. Онда оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, ішкі істер министрі Ержан Сәденов, туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев, сондай-ақ Ақмола және Атырау облыстарының әкімдері баяндама жасады.

«2025-2026 оқу жылын аяқтау және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері Оқу-ағарту министрлігінің тұрақты бақылауында. Биыл елімізде 3 млн 900 мың оқушы білім алды. Оның ішінде мектеп қабырғасында 343 мың оқушы 9-сыныпты, 215 мың оқушы 11-сыныпты аяқтайды. «Алтын белгіге» үміткерлер саны – 13 175 (6%), «Үздік аттестатқа» үміткерлер саны 11 сыныпта 18 555, 9 сыныпта 31 181 оқушыны құрайды. Биылғы оқу жылында 763 колледжде 556 мыңнан астам студент білім алды. 168 мың студент оқуын аяқтайды, оның ішінде жұмысшы біліктілігі бойынша - 50 мың. Дуальды оқыту бойынша – 47 400 студент», — деді Жұлдыз Сүлейменова.

Оның айтуынша, 25 мамырда барлық білім беру ұйымдарында «Заң және тәртіп – халықтық Конституция құндылықтары!» тақырыбында бірыңғай тәрбие сағаттары өткізіліп, оқу жылы қорытындыланды. Тәрбие сағаттарында адами капиталды дамыту, білім мен ғылымды ілгерілету, инновациялық ойлау мәдениетін қалыптастыру халықтық Конституцияда ел дамуының стратегиялық басымдығы ретінде айқындалды. Сонымен бірге оқушыларға Заң және тәртіп қағидаттарын сақтау, азаматтық жауапкершілік, экологиялық мәдениет пен «Таза Қазақстан» бастамасының жүзеге асырылуы туралы насихатталды.

Алдағы уақытта, яғни 29 мамыр мен 15 маусым аралығында 9 және 11-сынып бітірушілерінің қорытынды аттестаттауы өтеді. Емтихандардың ашықтығы мен академиялық адалдығын қамтамасыз ету мақсатында материалдар білім беру ұйымдарына тікелей емтихан күні жолданады.

11-сынып түлектеріне аттестаттарды салтанатты табыстау рәсімі 17–18 маусым күндеріне жоспарланған. Іс-шараларды тек білім беру ұйымдарының базасында өткізу тапсырылған. Мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында бітіру кештерін ұйымдастыруға және заңсыз қаражат жинауға тыйым салынған. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен бұйрығы қабылданды. Әкімдіктер бұл мәселені ішкі істер органдарымен бірлесіп қатаң бақылауда ұстауы маңызды.

«Келесі мәселе – балалардың жазғы демалысын, сауықтырылуын және бос уақытын тиімді ұйымдастыру. Премьер-министрдің орынбасары - мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызының төрағалығымен оқушылардың жазғы демалысын мазмұнды әрі қауіпсіз ұйымдастыру мәселелері бойынша республикалық штаб құрылды. Штаб отырысында нақты тапсырмалар беріліп, тиісті шаралар қабылданды. Атап айтқанда:

- жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, меншік түріне қарамастан барлық білім беру – сауықтыру орталықтарының қызметі сапалы түрде үйлестіріліп, бақылауға алынды;

- Жоспарлы көрсеткіштерге сәйкес балаларды, соның ішінде әлеуметтік санаттағы және ерекше қажеттілігі бар балаларды жазғы демалыс және сауықтырумен қамтуға басымдық берілді;

- «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры арқылы 27 700 балаға демалыс ұйымдастырылатын болады;

- Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, үлгілік ас мәзірлері қайта қаралды;

- жаз мезгілінде тамақтану, жататын орны мен көрсетілетін қызмет сапасына мемлекеттік бақылау шаралары күшейтілді;

- Одан бөлек қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қалыптасқан тәжірибе негізінде барлық демалыс орталықтарына полиция инспекторлары бекітілгендігін ерекше атап өткіміз келеді», — деді оқу-ағарту министрі.

Ол биылғы жылдан бастап, жыл бойы жұмыс істейтін және маусымдық балалар демалыс орталықтарының қызметі лицензиялау арқылы реттелетінін хабарлады. Осыған байланысты көптеген нормативтік құқықтық актілерді сәйкестендіру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, 5 бұйрыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, жаңадан «Білім беру-сауықтыру бағдарламаларын әзірлеу, келісу және бекіту, сондай-ақ олардың құрылымы мен мазмұнына қойылатын талаптарды бекіту туралы» бұйрық әзірленді.

«Бұл ретте министрлік демалыс орталықтарының ашылу уақытына байланысты лицензиялауды рет-ретімен енгізу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізетін болады. Өз кезегінде өңірлік штаб қызметінің аясында әкімдіктер мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп білім беру – сауықтыру орталықтарына әдістемелік қолдау көрсетуде. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған ведомствоаралық жоспардың барлық іс-шаралары толық орындалуда, өңірлік штабтардың жұмысы үйлестірілген. Алғаш рет «Білім беру ұйымдарында балалардың сауықтырылуы мен демалысын ұйымдастыру қағидалары» бекітілді. Қағидаларға сәйкес сауықтыру орталықтарының жазғы маусымға дайындығын тексеріп, қабылдап алуға мүдделі орталық мемлекеттік органдар бірлесіп қатысады», — деді ол.

Бұған қоса, демалыс орталықтарында жұмыс істейтін мамандардың сапалық құрамына мән беріліп, әрбір қызметкердің соттылығы тексеріледі. Мамандардың біліктілігін арттыру үшін «Балдәурен», «Бөбек» орталықтарында біліктілік арттыру курстары мен семинарлар ұйымдастырылады. Жазғы демалыс жұмыстарына 120 мың педагог-ұйымдастырушы, сондай-ақ 12 мыңнан астам студент-волонтер тартылады.

Балалардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі сапалы ұйымдастыру мақсатында кері байланыс және жедел көмек көрсету тетіктері де күшейтілді. Атап айтқанда, білім басқармаларының жанынан құрылған колл-орталықтар жазғы демалысқа қатысты азаматтардың өтініштері мен сұрақтарын қарайды. Сонымен қатар, «111» байланыс орталығы жазғы кезеңде күшейтілген режимде жұмыс істейтін болады. Барлық білім беру ұйымдарында балалардың тікелей көмек сұрауына арналған QR-кодтар орналастырылған. 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың жан-жақты дамуы мен қолайлы ортада демалуын қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Осыған байланысты Президенттің 100 оқушылар сарайы мен өнер мектебін, 50 балалар сауықтыру орталығын ашу туралы тапсырмасына сәйкес 3 жылда 24 мың орынға арналған 44 қосымша білім ұйымы салынды. Сонымен бірге Жылдың соңына дейін 3 800 орындық 10 нысанның құрылысы аяқталады. Бұдан бөлек, осы кезеңде 2 800 орынға арналған 15 балалар сауықтыру орталығы ашылды және биыл 840 орындық 4 сауықтыру орталығы пайдалануға беріледі. Жаңа қосымша білім беру ұйымдары робототехника кабинеттері, IT зертханалары, ойын алаңдары және балалардың бос уақытын тиімді қамтамасыз етуге арналған басқа да заманауи құралдармен жабдықталғанын ерекше атап өту керек. Осы орайда 17 мамырда Қызылорда облысында ашылған оқу-сауықтыру орталығын ерекше атап өткіміз келеді. Нысан халықаралық стандарттарға сәйкес жасалып, биылғы жазғы демалыста балаларды қабылдайды», — деді оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.

Жалпы алғанда биылғы жазда 11 135 демалыс орталығы жұмыс істеп, 3 млн 200 мың бала демалыс және сауықтыру шараларымен қамтылатын болады. Соның ішінде:

– 44 мыңнан астам бала жыл бойы жұмыс істейтін 20 орталықта,

– 168 мың бала 187 маусымдық орталықтарда, 

– 2 млн 990 мың бала 10 928 мектеп және мектептен тыс ұйымдар жанындағы демалыс орталықтарында демалады.

Республикалық «Балдәурен», «Бөбек» орталықтарында халықаралық, республикалық пәндік және IT-олимпиадалардың, шығармашылық және спорттық жарыстардың жеңімпаздары қатарынан 5 мың бала сауықтыру және дамыту шараларына қатысады. Ал өңірлерде осындай қолдау 370 мың дарынды балаға ұйымдастырылады. Сонымен бірге:

  • әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 729 мың бала, 
  • ерекше білім беруді қажет ететін 52 700 бала,
  • педагогикалық назарды қажет ететін 17 100 бала демалыспен қамтылады.

«Жазғы каникул уақытында демалыс пен сауықтыру шараларынан бөлек, балалардың бос уақытын мазмұнды өткізуге ерекше көңіл бөлінген. Оқушылар сарайлары, өнер мектептері мен қосымша білім беру ұйымдары базасында шығармашылық, спорттық, туристік, зияткерлік және еңбек бағыттары бойынша бағдарламалар іске асырылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес жазғы демалыс кезеңінде балалардың экологиялық мәдениетін, цифрлық дағдыларын және оқу сауаттылығын дамытуға бағытталған жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Жасыл сабақтар» жобасы аясында экологиялық акциялар, танымдық және тәжірибелік іс-шаралар ұйымдастырылып, жасөспірімдер «Жасыл ел» жасақтарында, мектеп орманшылықтары мен кәсіпорындарда уақытша жұмыспен қамтылады», — деді министр.

Сонымен қатар, білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі Президент тапсырмасы шеңберінде жуырда ашылған TUMO Astana базасында 12–18 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған тегін оқыту курстары жүргізілуде. Оқыту генеративті жасанды интеллект, робототехника, бағдарламалау, графикалық дизайн, анимация және басқа да цифрлық бағыттар бойынша практикалық форматта өтеді. Қазіргі таңда 1100 бала білім алуда, ал жаз мезгілінде қосымша 800 баланы қамту жоспарланған.

Бұдан бөлек, Президенттің оқу мәдениетін дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес «Каникулда кітап оқимыз» жобасы «Балдәурен» республикалық орталығында және өңірлік демалыс орталықтарында іске асырылады.

Осы бағыттағы жұмыстар колледждердің 388 мың студенттері арасында жалғасуда. Жазғы кезеңде студенттерді жұмыспен қамтуға, кәсіби тәжірибе жинақтауына және қоғамдық белсенділігін арттыруға ерекше назар аударылуда. Атап айтқанда, 98 900 студент мектеп жанындағы және маусымдық орталықтар базасында педагогикалық практикадан өтіп, уақытша жұмыспен қамтылады. Оның ішінде 59 мыңға жуық студент практикадан өтсе, 39 900 маусымдық еңбекке тартылады. Сонымен қатар, 2 мың студент WorldSkills оқу-жаттығуларына, 29 400 студент еріктілер қозғалысы мен «Жасыл Ел» жасақтарына қатысады.

169 мың студент «Кітап оқитын жастар» жобасына қатысады. Ал цифрландыру және жасанды интеллект бағытындағы курстармен 50 мың жас қамтылады. Спорттық, мәдени және танымдық іс-шараларға 48 900 студент қатысады. Сондай-ақ колледждер базасында кәсіптік бағдар беру, стартап жобаларын қолдау, кәсіпкерлік дағдыларды дамыту және өндірістік серіктестермен бірлескен шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Бұл жұмыстар студенттердің еңбек нарығына бейімделуіне, кәсіби құзыреттерін нығайтуға және белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға бағытталған.

«Сөзімді қорытындылай келе, министрлік тарапынан өңірлерге балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға қатысты барлық қажетті нұсқаулықтар мен әдістемелік ұсынымдар жолданғанын атап өтемін. Ендігі маңызды міндет – әкімдіктер тарапынан балалардың жазғы демалысын қауіпсіз, мазмұнды әрі сапалы ұйымдастыру жұмыстарын ерекше бақылауда ұстау. Осы орайда, ата-аналар қауымын балалардың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, олардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға белсенді атсалысуға шақырамын», — деді баяндамашы.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив