МӘСҚ әлеуметтік төлемдер алушылар ұсынатын деректердің толық әрі дұрыс болуына қатысты жауапкершілік туралы ескертеді
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі қаражатының заңдылығы мен нысаналы пайдаланылуын қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастыруда. Төлем тағайындау үшін ұсынылатын деректердің дұрыстығына жүргізілетін мониторинг аясында Қор жалған еңбек қатынастарын рәсімдеу фактілерін тұрақты түрде анықтап отыр.
Бүгінгі күні жүргізілген тексеру шараларының нәтижесінде еліміздің 13 өңірінде 38 қылмыстық іс қозғалды. Мәліметтер базасына жүргізілген талдау 258 кәсіпкерлік субъектісінің 4,4 мыңнан астам азаматқа әлеуметтік төлемдерді заңсыз алу мақсатында жалған еңбек қатынастарын рәсімдегенін анықтады.
Сот процестерінің қорытындысы бойынша 9 қылмыстық іс бойынша айыптау үкімдері шығарылды. Соттар заңсыз схемаларды ұйымдастырған 12 тұлғаны кінәлі деп танып, олардың ішінде Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, ШҚО және өзге де өңірлердің өкілдері бар. Заңсыз әрекеттері үшін олар 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
«Әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру бізге әртүрлі ақпараттық жүйелердегі деректерді нақты уақыт режимінде өзара салыстырып тексеруге мүмкіндік береді. Бұл жұмыстың негізгі мақсаты – әлеуметтік қолдаудың атаулылығын қамтамасыз ету және жүйеге адал қатысушылардың мүддесін қорғау. Кірістерді жасанды түрде көбейту немесе жалған жұмыспен қамтуды қалыптастыру әрекеттері талдау сатысында-ақ анықталып, тиісті құқықтық баға беріледі», – деді «МӘСҚ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Марат Жаныбеков.
Аталған бақылау шаралары ең алдымен міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі қаражатының әділ бөлінуін қамтамасыз етуге және әлеуметтік төлемдерді адал алушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған.
МӘСҚ азаматтарды сақ болуға және күмәнді делдалдардың қызметін пайдаланбауға шақырады. Төлемдерді заңсыз арттыру мақсатында «кеңесшілерге» жеке деректерді беру тек ұйымдастырушылар үшін ғана емес, сондай-ақ қызметті алушылар үшін де заңнамада көзделген жауапкершілікке әкелуі мүмкін екені ескертіледі.
Әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібі бойынша қажетті консультациялық қызметтер тегін түрде ресми арналар арқылы көрсетіледі: МӘСҚ филиалдары, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшелері, 1414 байланыс орталығы, сондай-ақ Қордың әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары (Instagram, Facebook).