«TOMIRIS» бағдарламасы аясындағы екі күндік оқыту қорытындыланды
Семей қаласында өткен «TOMIRIS» ақпараттық-білім беру бағдарламасы аясындағы екі күндік оқыту семинары өз мәресіне жетті. Жобаның екінші күні саяси коммуникациялар, бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс және гендерлік теңдік мәселелеріне арналды.
Оқыту барысында қатысушыларға қоғаммен тиімді байланыс орнату, әлеуметтік желілерді дұрыс пайдалану және әйелдердің қоғамдық-саяси өмірдегі рөлін арттыру бағытында тәжірибелік білім берілді.
Семинар барысында «TOMIRIS» бағдарламасының Абай облысы бойынша сарапшысы Жанна Үйсумбаева «Саяси коммуникациялар. БАҚ-пен жұмыс» тақырыбында семинар өткізді. Спикер тиімді іскерлік коммуникацияның негізгі қағидаттарына тоқталып, қазіргі ақпараттық кеңістіктегі әлеуметтік желілердің маңызы туралы айтты. Сонымен қатар қатысушылар әлеуметтік желілерде аудиториямен байланыс орнату, ақпаратты дұрыс ұсыну және цифрлық коммуникация құралдарын тиімді пайдалану тәсілдерімен танысты.
Ал «TOMIRIS» бағдарламасының Абай облысы бойынша сарапшысы Айгерім Смағұлова «Гендерлік теңдік» тақырыбында дәріс оқыды. Кездесу барысында әйелдердің Қазақстан экономикасының дамуына қосып отырған үлесі, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі әйелдер көшбасшылығы және партия жанындағы әйелдер кеңестерінің қызметі талқыланды.
Екі күндік оқыту қорытындысында қатысушылар алған әсерлері мен негізгі инсайттарымен бөлісті. Бағдарлама соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.








