Абай облысында ауыл шаруашылығы саласының өзекті мәселелеріне арналған кеңес өтті
Бүгін Семейде Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғариннің Абай облысына жұмыс сапары аясында ауыл шаруашылығы саласының өзекті мәселелеріне арналған кеңес өтті. Жиынға ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, бизнес өкілдері, салалық министрліктер мен қаржы институттарының өкілдері қатысты.
Кеңесте сөз сөйлеген облыс әкімі Берік Уәли өңірдің агроөнеркәсіп кешені саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Облыста 2025 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі алғаш рет 583,8 млрд теңгеге жетіп, екі жыл ішінде 1,4 есеге артты.
Облыстың қой шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған салалық бағдарламасы әзірленді. Бағдарлама аясында 300 мың бас асыл тұқымды аналық ұсақ малды сатып алу және 18 мың басқа арналған 3 бордақылау алаңын (Жаңасемей, Үржар, Ақсуат аудандарында) құру жоспарлануда.
Аймақта 2026-2028 жылдарға арналған 112,5 млрд теңгенің 19 инвестициялық жобасынан тұратын жол картасы бекітілген. Оны іске асыру нәтижесінде 849 жаңа жұмыс орны ашылады.
Жиында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі мемлекеттік қолдау шаралары туралы баяндады. Оның айтуынша, биыл Абай облысында жалпы егіс алқабы 789,3 мың гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 7,2 мың гектарға ұлғайған. Өңірде майлы және мал азықтық дақылдардың үлесі артып, егін шаруашылығын әртараптандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Жыл басынан бері облыстың 176 фермеріне 13,2 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілген. Бұдан бөлек 2026-2027 жылдары өңірде 7 аудандық ветеринариялық станция, 111 ветеринариялық пункт және 118 мал қорымын салуға 6,4 млрд теңге бөлінген.
Отырыста агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ет өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру, жеңілдетілген несиелеу, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.
Кеңесті қорытындылаған Серік Жұманғарин Абай облысының ауыл шаруашылығы әлеуетінің зор екенін айтып, өңірде қолға алынып жатқан бастамаларға оң бағасын берді. Биыл күзде іске қосылатын ет комбинаты сияқты жобалар арқылы Абай облысы мал шаруашылығы саласында өзге өңірлерге үлгі бола алатынын атап өтіп, атқарылатын жұмыстарға Үкімет тарапынан тиісті қолдау көрсетілетінін жеткізді.










