Valmont Industries компаниясы Қазақстанда жаңбырлатып суару машиналары өндірісін жергіліктендіреді
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Valmont Industries компаниясының Еуразия және Латын Америкасы бойынша аймақтық вице-президент Филипп Шмидт-Хольцман бастаған делегациясымен кездесті. Жиында елімізде суармалы егіншілікті дамыту, заманауи су үнемдеу технологиясын енгізу және механикаландырылған ирригациялық жүйелердің әлемдік ірі өндірушілері мен дистрибьюторының бірі VALLEY/Valmont Industries жаңбырлатып суару машиналарын өндіруді жергіліктендіру жобасын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Серік Жұманғарин суармалы жерлер аумағын кеңейту агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік саясат басымдығының бірі екенін жеткізді.
«Еліміздегі ауыл шаруашылығы жерлерінің әлеуеті зор екенін және Мемлекет басшысының суармалы жер көлемін ұлғайту жөніндегі тапсырмасын ескере отырып, ирригациялық заманауи техника өндірісін дамыту біз үшін ерекше маңызға ие. Бүгінде Valmont Industries компаниясының жобасы қызығушылық тудырып отыр. Ол отандық фермерлерге қажетті жабдықты жеткізу мерзімін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Бүгінгі таңда VALLEY суару машинасын жергілікті құрастыруды ұйымдастыру жобасы соңғы жүзеге асыру сатысында. Өндірістік алаң отандық «Имсталькон» АҚ холдингінің базасында құрылған. Онда «кеден қоймасы» және «еркін қойма» режимі бар аймақтар секілді қажетті инфрақұрылым толығымен дайын.
Жоба қазірдің өзінде жоғары нарықтық әлеует көрсетуде. Тек Қарағанды облысы бойынша шамамен 250 жаңбырлатып суару машинасын өндіруге бағытталған келешегі зор жобалардың портфелі қалыптастырылды. Бұл 25 мың гектарға жуық ауыл шаруашылығы алқабын суаруға мүмкіндік береді.
Кездесуге қатысушылар өндірісті жергіліктендіру жабдықтарды жеткізу мерзімін қысқартуға, оған отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қол жеткізуін арттыруға мүмкіндік беретінін және Қазақстанда су үнемдеу технологиясы мен суармалы егіншілікті дамытудағы маңызды қадам болатынын атап өтті.
Кездесу соңында Серік Жұманғарин Ауыл шаруашылығы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдар және әкімдіктермен бірлесіп, өндірісті жергіліктендіру ісін одан әрі жүргізіп, фермерлердің заманауи ирригациялық техникаға қол жеткізуін арттыруда инвесторлармен жұмысты жалғастыруды тапсырды.