45 жылдан кейін Көкөзектің жолына асфальт төселді
Аймақ басшысы Берік Уәли бүгін Көкөзек ауылының да тыныс-тіршілігімен танысты.
Көкөзек ауылы аудан орталығынан 35 шақырым жерде орналасқан. Халық саны – 964 адам. Мұнда медициналық пункт, мектеп және мәдениет үйі жұмыс істейді. Тұрғындардың негізгі тіршілік көзі – ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал және егін шаруашылығы.
Биыл ұзындығы 4 шақырымнан асатын ауылға кіреберіс автомобиль жолы орташа жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Облыс әкімі әуелі жолдың сапасын қадағалады.
Аймақ басшысы ауылдағы мәдениет үйінің жағдайымен де танысты. Нысан 1966 жылы пайдалануға берілген. 170 орындық көрермен залы бар. Қазіргі таңда мұнда 5 адам еңбек етеді.
Мәдениет үйіне соңғы рет 2008 жылы күрделі жөндеу жүргізілген. Бүгінде ғимараттың сыртқы қасбеті жаңартуды, жылу жүйесі жөндеуді және есіктері ауыстыруды қажет етеді.
Аймақ басшысы мәдениет үйінің жанында ауыл тұрғындарымен пікірлесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Тұрғындар мәдениет үйінің тозығы жеткенін айтып, мәдениет нысанын күрделі жөндеуден өткізуге көмектесу жөнінде ұсыныс білдірді.
Аймақ басшысы Көкөзек орта мектеп-бақшасын да көрді. Білім ордасында 130 бала оқиды. 30 мұғалім жұмыс істейді. Мектеп 2020 жылы күрделі жөндеуден өткен.










