Cемей29°С
Ауа-райы
  • Абай28°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
488.37 559.77 6.64

Абай облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 25 жоба қаржыландырылды

Бүгін, 15:23 Думан Кенжеғазыұлы

Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалу барысы талқыланды. Бұл туралы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев баяндады.

«Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру аясында облыстың 10 ауданына қарасты 138 ауылдық округте скрининг жүргізіліп, әлеуметтік-экономикалық әлеуеті айқындалды. Нәтижесінде барлық ауылдық округтер 2025 жылғы несиелеу бағдарламасына енгізілді.

Былтыр бағдарламаға 1 млрд теңге бөлініп, қаржы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, өндірістік кооперацияны дамыту және сүтті мал шаруашылығын қолдау бағыттарына бағдарланды.

Қазіргі таңда Amanatnesie.kz ақпараттық жүйесі арқылы жалпы сомасы 863,8 млн теңгеге 48 өтінім қабылданып, 534,4 млн теңгеге 25 жоба қаржыландырылды.

Бағдарламаны тиімді іске асыру мақсатында облыс көлемінде тұрақты түрде жұмыс кеңестері өткізіліп, аудан әкімдіктерімен бірлескен түсіндіру және ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, қайта өңдеу жобаларын дамыту және ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тарту бағытындағы жұмыстар жанданды.

Бағдарлама аясында өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған сүт, ет, көкөніс өнімдерін өндіру, сақтау және қайта өңдеу жобаларына басымдық берілуде. Сонымен қатар, биыл облысқа қосымша 4,5 млрд теңге бөлу жоспарланған.

Алдағы уақытта ауылдық жерлерде сүт қабылдау пункттерін ашу, шағын өңдеу цехтарын іске қосу, көкөніс өсіру жобаларын кеңейту және қой шаруашылығын дамыту бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асыру көзделуде. Бұл шаралар ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етуге және өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.

Аймақ басшысы ауыл шаруашылығы басқармасына, «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына және аудан әкімдеріне «Ауыл аманаты» жобасы бойынша бөлінген қаражаттың тиімді игерілуін қамтамасыз етуді, 2026 жылға арналған жобалар пулын қалыптастырып, өтінімдерді уақтылы енгізуді, халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді және ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту бағытындағы жұмысты жандандыруды тапсырды.

«Абай облысында ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу, қызмет көрсету және басқа да бағыттарды дамытуға қажетті әлеует жеткілікті. Сондықтан біз үшін жобаны сапалы іске асыру, жеңілдетілген несиелердің мақсатты әрі тиімді игерілуін қамтамасыз ету, жаңа кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және тұрақты жұмыс орындарын құру ерекше маңызға ие. Біздің басты мақсатымыз – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, олардың тұрақты табыс көздерін қалыптастыру арқылы ауылдық елді мекендердің орнықты дамуын қамтамасыз ету», – деді Берік Уәли.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив