Облыстық мәслихаттың сессиясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды
Бүгін облыстық мәслихаттың кезекті XXXVII сессиясы өтті. Жиында облыс әкімі Берік Уәли өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы есеп берді. Өңірде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен іске асырылып жатқан тың жобалар жайында баяндады.
2025 жылы облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері оң өсім көрсетті. Жалпы өңірлік өнім 3,9 трлн теңгеге жетіп, инвестициялар көлемі 616,2 млрд теңгені құрады. Өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және көлік салаларында тұрақты даму сақталды.
Өңірде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Аягөз – Бақты» теміржол желісі, Семей қаласында жаңа жылу электр орталығын салу, жел электр станциясын іске қосу және тау-кен байыту комбинатын салу бағытындағы ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.
Облыста жалпы құны 4,4 трлн теңгені құрайтын 112 инвестициялық жоба қалыптастырылған. Биыл 41 жобаны іске асыру және 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Семей қаласында арнайы экономикалық аймақ құру жұмыстары жүргізілуде.
Аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған ірі жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – «ЕвразияАгроСемей» ЖШС базасында салынып жатқан ет комбинаты. Жобаның құны 7,7 млрд теңгені құрайды.
Өнеркәсіпті дамыту бағытында жаңа өндірістер ашылуда. Семейдегі «Өндіріс» индустриялық аймағының аумағы 96 гектардан 190 гектарға дейін кеңейтілді. Сонымен қатар Мақаншы ауданында агроөнеркәсіптік кешенге бағытталған өңірлік индустриялық аймақ құрылуда.
Туризм саласында да ауқымды жұмыс атқарылуда. Былтыр өңірде 8,9 млрд теңгеге 4 туристік жоба іске қосылды. Жағалау инфрақұрылымын дамытуға былтыр 1 млрд теңге бағытталса, биыл 15,4 млрд теңге қаржы бөлініп отыр. Соның ішінде электр желілерін тарту және Үржар әуежайының терминалын реконструкциялау үшін Арнаулы мемлекеттік қордан 11,6 миллиард теңге қарастырылған. Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жалпы құны 24,9 млрд теңгеге 32 жоба іске асырылды. Нәтижесінде бұрын суы болмаған елді мекендер сумен қамтылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Семейде төрт жолақты жаңа көпір құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Президенттің қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы аясында қазіргі уақытта Маңғыстау облысының сыйлығы Достық үйі мен Солтүстік Қазақстан облысының сыйы Рәміздер алаңының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Ақтөбе облысы Жекпе-жек сарайының іргетасын қалады. Түркістан облысы көрме орталығын, Қызылорда облысы «Анаға тағзым» ғимаратын, Атырау облысы «Абай әлемі» орталығын, Павлодар облысы үстел теннисі орталығын, Жетісу облысы Семейдің кіреберісіне қала қақпасын, Батыс Қазақстан облысы спорт кешенін, Қостанай облысы руханият орталығын, Алматы қаласы медиаорталық, Астана қаласы «Келешек» мектебін салып берсе, Шығыс Қазақстан облысы Ертіс өзені жағалауын абаттандырады. Шымкент қаласы шығармашылық орталығымен қатар Семей қаласының Водный кентіне Мәдениет үйін сыйға тартпақ. Бұдан бөлек қоғамдық қор, ұлттық компаниялар және бизнес құрылымдар есебінен бірқатар әлеуметтік және спорттық нысандар салу көзделген. Атап айтқанда, «Самұрық қазына» ҰҚ» АҚ Семейде дене-шынықтыру сауықтыру кешенінің құрылысын бастады. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Инклюзивті спорт орталығын, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Дене-шынықтыру сауықтыру кешенін, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Болашақ сарайы құрылысын салуды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, өңірде «Қаладан ауылға» өңіраралық жобасы жүзеге асырылуда. Жыл соңына дейін 500 отбасын ауылдық жерлерге қоныстандыру жоспарланған. Қазірдің өзінде 187 отбасы немесе 605 адам ауылдық елді мекендерге көшіп келді.
Аймақ басшысы өңірдегі барлық бастамалар мен жобалардың орындалуы тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.
Мәслихат сессиясында сондай-ақ 2025 жылғы облыстық бюджеттің орындалуы мен салық-бюджет саясатының негізгі бағыттарын іске асыру, өңірді дамыту бағдарламасының орындалу барысы, Шақаман ауылындағы ет комбинатының инфрақұрылымына қатысты мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне өзгерістер енгізу, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары, тұрғын үйлерді қайта жаңарту бағдарламасы, сәулет-қала құрылысы кеңесінің құрамы, Ақсуат ауданының әкімшілік-аумақтық құрылысына өзгерістер енгізу және округтік сайлау комиссияларының құрамын жаңарту мәселелері қаралды.










