Абай облысының шахматшылары республикалық финалда бақ сынайды
Бүгін Астана қаласында шахматтан «Senat Open» III ашық кубогының финалдық кезеңі басталды.
Финалдық жарысқа еліміздің барлық өңірінде өткен іріктеу және жарты финал кезеңдерінен үздік шыққан 200-ден астам қатысушы жиналды. Олардың қатарында мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметшілер, ардагерлер, қоғам қайраткерлері және түрлі сала өкілдері бар.
Финалдық кезеңнің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысып, ойыншыларға сәттілік тіледі. Іс-шараға Абай облысы мәслихатының төрағасы Шалқар Байбеков те қатысады.
Абай облысының атынан финалда 10-ға жуық шахматшы бақ сынайды. Олар облыс намысын қорғап, турнирдің бас жүлдесі үшін тартысқа түседі.
Еске салайық, «Senat Open» турнирі Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Қазақстан шахмат федерациясының бастамасымен ұйымдастырылып келеді. Турнирдің мақсаты – шахмат спортын дамыту, түрлі сала өкілдерін біріктіру және бұқаралық шахмат қозғалысын қолдау.










