Жаңа Шүлбі ауылында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында аудандық сенбілік өтті
Бородулиха ауданының Жаңа Шүлбі ауылдық округінде Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында аудандық сенбілік ұйымдастырылды.
Іс-шараға 100-ге жуық адам қатысты. Олардың қатарында ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері, аудандық мәслихат аппаратының қызметкерлері, дербес бөлімдердің мамандары және ауыл тұрғындары болды.
Сенбілік басталар алдында ауыл аумағы бірнеше учаскеге бөлініп, әрбірі ауданның мекемелері мен ұйымдарына бекітілді. Қатысушылар қоғамдық орындарды қоқыстан тазартып, шөп шабу жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар елді мекенді абаттандыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды.
Мұндай экологиялық акциялар елді мекендердің санитариялық жағдайын жақсартуға, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және қоршаған ортаны қорғау мен абаттандыру жұмыстарына жұртшылықты кеңінен тартуға ықпал етеді.
Бородулиха ауданында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы санитариялық тазалық пен абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.





