Абай облысында Президент реформалары аясында ардагерлер қозғалысының жеті басым бағыты талқыланды
Семей қаласына жұмыс сапарымен «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбілғазы Құсайынов келді. Сапар аясында ол облыстың ардагерлер қозғалысының белсенділерімен кездесіп, «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысты, деп хабарлайды 018.kz.
Күннің алғашқы жартысында Әбілғазы Құсайынов Абай облыстық Ардагерлер кеңесі президиумының мүшелерімен кездесті. Жиында облыстық кеңестің жұмысы талқыланып, ардагерлер қозғалысын одан әрі дамытуға қатысты ұсыныстар мен пікірлер айтылды.
Негізгі іс-шара «Ес-Аймақ» орталығында өтті. Оған Орталық кеңес өкілдері, аудандық ардагерлер кеңестерінің төрағалары, қоғам белсенділері және шақырылған қонақтар қатысты.
Кездесуді ашқан Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов өңірдегі ардагерлер ұйымы ең беделді қоғамдық институттардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, облыста 130 мыңнан астам зейнеткерді біріктіретін 395 бастауыш ұйым, сондай-ақ екі қалалық және он аудандық ардагерлер кеңесі жұмыс істейді.
Сондай-ақ ол облыс басшылығы жастар тәрбиесіне, қоғамдық келісімді нығайтуға және Мемлекет басшысы айқындаған «Заң және тәртіп» пен «Адал азамат» қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған ардагерлердің бастамаларын әрдайым қолдайтынын айтты.
Өз сөзінде Әбілғазы Құсайынов Президент реформаларын жүзеге асыру кезеңіндегі ардагерлер қозғалысының негізгі міндеттеріне тоқталды.
Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда шамамен 2,6 миллион ардагер бар. Олардың өмірлік және кәсіби тәжірибесін қоғам игілігіне тиімді пайдалану маңызды.
Ол бірінші кезекте аға буынға деген құрмет мәдениетін қалыптастыру мәселесіне ерекше тоқталды.
Сондай-ақ ол ардагерлер қозғалысының әлеуеті миллиондаған қазақстандықты қоғамдық жұмыстарға тартуға мүмкіндік беретінін айтты. Оның пікірінше, егер 500 мың белсенді ардагер өз отбасы, туыстары мен жақын ортасымен жүйелі жұмыс жүргізсе, бұл шамамен 10 миллион адамға оң ықпал етуі мүмкін.
Кездесу барысында марапаттау рәсімі өтті. Орталық кеңестің «Құрмет» төсбелгісімен Зейнолла Тоқаев, Татьяна Игимбаева және Ұзақбай Мұқашев марапатталды.
Сонымен қатар «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі Кеңеш Мұқашевқа, Манарбек Молдарахимовқа, Мұратхан Марденовке, Тұрсын Жандыбаевқа және Елеубек Жұмағұловқа табысталды.
Іс-шара концерттік бағдарламамен және ресми қабылдаумен қорытындыланды. «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесі төрағасының жұмыс сапары ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға, ардагерлер қозғалысын дамытуға және Жаңа Әділетті Қазақстан реформалары аясында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналды.










