Абай облысының экономикасына 232 миллиард теңге инвестиция тартылды
Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Жиында облыстың 2026 жылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын іске асыру барысы қаралды. Отырысқа аудан, қала әкімдері, басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты.
Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр өңірдің бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Оның айтуынша, 2026 жылдың 1 тоқсанында облыстың жалпы өңірлік өнімі былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 103,7 пайызға өсті. Облыстың қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 4,2 пайызға ұлғайды. Өсім құрылыста 131% (республика бойынша 3 орын), инвестицияда 123,2%, көлік саласында 117,8% (республика бойынша 3 орын), ішкі саудада 105,1%, ауыл шаруашылығында 103,7%, өнеркәсіпте 101,5%, байланыс саласында 101% қамтамасыз етілді.
Бірінші жартыжылдықта облыс бюджетіне жоспарланған 81,3 млрд теңгенің орнына 82,8 млрд теңге түсіп, жоспар 1,5 млрд теңгеге артығымен орындалды. Бюджет қаражатын игеру 99,7 пайызды құрады. Сонымен қатар облыс экономикасына 232,3 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 123,2 пайызға жетті. Жоғарыда аталған екі көрсеткіш бойынша облыс өңірлер арасында 4 орында келеді.
Өңірге инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға байланысты жан-жақты талдау жасалды. Былтырдан бері инвестиция тарту бойынша атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде бірінші жартыжылдықта жеке инвестицияның өсу қарқыны 151,4 пайызды (2025 жылдың 6 айында 85%) құрап, 205,6 млрд теңге инвестиция тартылды. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 77,5 млрд теңгеге артық. Жалпы көлемдегі жеке инвестицияның үлесі 72 пайыздан 88,5 пайызға артты. Жыл басынан бері 128,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл – өткен жылдан 5,5 мың шаршы метрге артық (өсу қарқыны 104,5%). Бірінші жартыжылдықта жалпы құны 34,6 млрд теңгені құрайтын 14 инвестициялық жоба пайдалануға беріліп, 598 жаңа жұмыс орны ашылды.
Абай облысында аудан және қала әкімдерінің қызметі 83 индикаторды қамтитын, 10 блоктан тұратын рейтингтік жүйемен бағаланды. Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары бірінші жартыжылдық қорытындысымен қалыптасқан рейтинг нәтижесін жариялады. Оның қорытындысы бойынша Жаңасемей, Мақаншы және Абай аудандары алғашқы үштіктен көрінді. Көкпекті ауданы, Курчатов қаласы мен Ақсуат ауданы рейтингтің төменгі сатысынан орын алды.
Облыс әкімі рейтинг қорытындысында төмен болған Ақсуат, Көкпекті аудандары мен Курчатов қаласының әкімдерінің есебін тыңдап, жұмысты күшейтуді, өнеркәсіп, инвестиция, құрылыс, ауыл шаруашылығы, бюджет кірістері, инвестициялық жобаларды іске асыру және басқа да негізгі индикаторлар бойынша жоспарлы көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Жиын қорытындысында аймақ басшысы жауапты орынбасарлары мен басқарма басшыларына, аудан және қала әкімдеріне инвестициялық жобаларды мерзімінде іске асыруды, өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік, сауда және байланыс салаларындағы жоспарлы көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етуді, тұрғын үй құрылысы мен жол жөндеу жұмыстарын сапалы аяқтауды, жұмыспен қамту мен халық табысын арттыруды, бюджет кірістерін ұлғайту, жаңа кәсіпорындар ашу, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру және Президенттің, Үкіметтің тапсырмаларын уақтылы орындау бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, тоғыз айдың қорытындысында жоспарлы көрсеткіштерді орындамаған басқарма басшылары мен әкімдердің жауапкершілігі қаралатынын да ескертті.





