Бестерек ауылында жаңа өрт сөндіру бекеті салынып жатыр
Үржар ауданында ауылдық елді мекендердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыс жалғасуда. «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында ауданның бірнеше ауылында өрт сөндіру бекеттері салынып, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларға жедел ден қою мүмкіндігі кезең-кезеңімен күшейтілуде.
Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – Бестерек ауылында салынып жатқан жаңа өрт сөндіру бекеті. Әлеуметтік маңызы зор нысан «Урожай» шаруа қожалығының басшысы Тепсаев Юнадий Юниевичтің демеушілігімен, жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылуда.
Құрылыс жұмыстары биылғы жылдың шілде айында басталды. Қазіргі таңда нысанның құрылысы жоспарға сәйкес жүргізіліп, жақын арада пайдалануға беру көзделіп отыр.
Жаңа өрт сөндіру бекеті іске қосылғаннан кейін Бестерек ауылдық округіне қарасты Бестерек, Қазымбет және Ер Қабанбай ауылдарының 2 200-ден астам тұрғынының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Сонымен қатар, төтенше жағдайларға әрекет ету уақыты қысқарып, өрттің таралу қаупі төмендеп, ауылдық елді мекендердің қауіпсіздік деңгейі едәуір артады.



