Абай облысында экологиялық заңнама талаптарының сақталуына бақылау күшейтілді
Абай облысында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық заңнама талаптарының сақталуы бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында Экология департаментіне мемлекеттік қызмет көрсету бойынша 469 жоба келіп түскен. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Абай облысы бойынша Экология департаментінің басшысы Серік Сарбасов мәлімдеді.
Департамент басшысының айтуынша, есепті кезеңде I санаттағы объектілерге экологиялық рұқсат беру бойынша 23 өтініш келіп түсіп, өткен жылдан қалған 5 өтініш те қаралған. Нәтижесінде 10 рұқсат беріліп, 6 өтініш бойынша бас тарту туралы шешім қабылданған.
Экологиялық бақылау бағытында жыл басынан бері 20 тексеру жүргізілген. Оның нәтижесінде экологиялық заңнама талаптарының 44 бұзушылығы анықталып, оларды жою туралы нұсқамалар берілген.
Семей қаласындағы ірі кәсіпорындардың қоршаған ортаға әсерін төмендету мәселесіне де ерекше назар аударылуда. «Семей цемент зауыты», «Теплокоммунэнерго» және «Силикат» кәсіпорындарында өндірістік жабдықтарды жаңғырту және шығарындыларды азайту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Бұдан бөлек, облыста автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізу жұмыстары жалғасуда. Экологиялық заңнамаға сәйкес мұндай жүйені 6 кәсіпорын орнатуға міндетті. Қазіргі таңда «Семей цемент зауыты» және «SHARCEM» ЖШС-де жүйе жұмыс істеп тұр, «Востокэнерго» ЖШС-де енгізу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар облыс аумағында заңсыз қоқыс орындарын анықтау және жою жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылы «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ геопорталының деректері бойынша 137 заңсыз қоқыс орны анықталып, оның 111-і жойылған.