Cемей29°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
465.19 536.55 5.61

Абай облысында заңсыз айналымнан 38 мың литрден астам алкоголь және 304 мың қорап контрафактілі темекі тәркіленді

Бүгін, 10:09 018.kz

Абай облысында акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымына қарсы бақылау күшейтілді. Жыл басынан бері жүргізілген тексерулер нәтижесінде заңсыз алкоголь, контрафактілі темекі және мұнай өнімдерінің ірі көлемі тәркіленді.

2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша алкоголь өнімдеріне қатысты 64 тексеру жүргізіліп, заңсыз айналымнан 38 106 литр алкоголь өнімі тәркіленген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 164 пайызға артқан.

Сонымен қатар, 15 тексеру барысында 304 428 қорап контрафактілі темекі өнімі тәркіленді. Аталған көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 10 еседен астам өсіп, 1041 пайызды құрады.

Мұнай өнімдерінің заңсыз айналымына қатысты да фактілер анықталған. Жалпы көлемі 44,871 тонна болатын мұнай өнімдерінің заңсыз айналымына қатысты екі дерек тіркелді.

Маусым-шілде айларында жүргізілген бақылау іс-шаралары кезінде де бірқатар ірі заң бұзушылықтардың жолы кесілді. Аягөз ауданындағы тау-кен кәсіпорындарының бірінде мемлекеттік кірістер органдарында тіркелмеген жанармай құю станциясы арқылы мұнай өнімдерін заңсыз өткізу фактісі анықталып, 40 мың литрден астам мұнай өнімі тәркіленді.

Ал Алакөл жағалауында жүргізілген рейдтік тексерулер барысында алкоголь өнімдерін лицензиясыз өткізу, тауарларға арналған ілеспе жүкқұжаттардың болмауы және контрафактілі темекі өнімдерінің айналымы анықталды. Нәтижесінде 30 397 бөтелке, 1 650 литр алкоголь өнімі және 270 қорап контрафактілі темекі тәркіленді.

Барлық анықталған фактілер бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, материалдар сотқа жолданды. Заңсыз айналымға елеулі мөлшерде алкоголь өнімдерін шығарған кәсіпкерге қатысты материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін Абай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жіберілді.

Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымы бюджетке залал келтіріп қана қоймай, адал бәсекелестікке кері әсер етеді және сапа талаптарына сәйкес келмейтін өнімдердің халық денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.

Заңсыз айналым фактілерін анықтау және жолын кесу жұмыстары Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің тұрақты бақылауында.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив