Тамыз конференциясында өңірдің үздік мектептері марапатталды
Облыс әкімі Берік Уәли тамыз конференциясы барысында «Үздік ұйым» байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Аягөз ауданындағы №5 жалпы орта білім беретін мектебіне, Семейдегі №22 жалпы орта білім беретін мектеп – лицейіне, Ақсуат ауданындағы Сасан би атындағы орта мектебіне, Абай ауданындағы жалпы білім беретін Қарауыл гимназиясына, Бесқарағай ауданындағы Нұрлыбек Баймұратов атындағы орта мектебіне және Жарма ауданындағы Абай атындағы мектеп-балабақша кешеніне қаржылай сертификаттар табысталды.
Жиында өңірдің білім саласына үлес қосқан бірқатар азаматтарға Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» медалі, «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісі, «Еңбек ардагері» медалі, Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғысы, «Арнайы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісі, сондай-ақ, «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі және облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды.
Сонымен қатар конференция аясында Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Дидар Асқарқызы, «Bilim Group», білім беру жүйесіне ЖИ-ді енгізу бойынша ұлттық жобаның жетекшісі Мағжан Аманғазы, BINOM School мектебінің директоры Кемелбек Берікболсын, Жарма ауданындағы Абай атындағы мектеп-балабақша кешенінің директоры Меруерт Бейсембаева және Абай облысы бойынша балалар мен жасөспірімдер қозғалысының көшбасшысы Еділ Төкен баяндама жасады.










