Марганецті заңсыз өндіру қоршаған ортаға залал келтірді
ҚМА Ұлытау облысы бойынша департаменті марганец кенін заңсыз өндіру және өңдеумен айналысқан топтың әрекетін тоқтатты.
Күдіктілер пайдаланудан шыққан карьерді рекультивациялау жұмыстарын жүргізіп жатқан кейіп танытқан. Оқиға орнында ауыр карьер техникасы мен ұсату-жуу жабдықтары қолданылған толыққанды тау-кен байыту кешені іске қосылған.
Өндірілген кен тауарлық концентратқа өңделіп, теміржол арқылы шекаралас мемлекеттерге экспортқа жөнелтіліп отырған.
Шикізатты жүйелі түрде тиеп-жөнелту үшін күдіктілер теміржол тұйығын жалға алған.
Тергеу дерегінше, өткізілген өнім көлемі 23 мың тоннадан асып, оның құны 1 млрд теңгеден көп болған.
Заңсыз әрекет салдарынан қоршаған ортаға залал келтірілген. Бүлінген жерлерді қалпына келтіру құны 150 млн теңгеден асады.
Тергеу жалғасып жатыр.
Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.